Президент телерадиокешенінің басшысы Orda.kz порталының үстінен сотқа шағым түсірмек, деп хабарлайды Ertenmedia.
Президенттің телерадиокешенін басқаратын Раушан Қажыбаева Orda.kz басылымын сотқа беруге дайындалып жатқанын мәлімдеді. Оған порталдың таратып жіберген жалған ақпараты себеп болған.
«Orda.kz басылымының үстінен сотқа арыз дайындап жатырмыз. Олар жалған әрі негізсіз ақпарат таратты», – деді Раушан Кажыбаева КазТАГ агенттігіне берген сұхбатында.
Еске салсақ, бұған дейін Orda.kz порталы ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің, кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің және ҰҚК-нің бірнеше жоғары лауазымды қызметкерінің ұсталғаны туралы ақпарат жариялаған болатын. Кейін бұл мәліметті Сыртқы істер министрлігі ресми түрде жоққа шығарды.
Сондай-ақ, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да министр Мұрат Нұртілеудің ұсталғаны туралы ақпараттың расталмағанын айтып, журналистерді жалған хабар таратпауды және кәсіби этиканы сақтауға шақырды.
Айта кетейік, Раушан Кажыбаева Orda.kz жариялаған материалда аты аталған кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің жұбайы. Гаджиев Қазақстанда алғашқылардың бірі болып көкжидек өсірумен айналысатын Fruit Art компаниясының негізін қалаушы.