Молдованың Гагауз автономиясын басқарған Евгения Гуцул Мәскеуден қаржы алып, ел ішіндегі саяси тұрақтылықты шайқалтпақ болды деген айыппен жеті жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тергеу нұсқасына сай, Гуцул Кремльден келген қаржыны Молдованың Еуроодаққа жақындауын тежейтін іс-шараларға бағыттаған. Айыптау актісінде 2019–2022 жылдары Ресейден бөлінген гранттардың Кишинев тыйым салған «Шор» партиясына жеткізілгені көрсетілген.
Аталған саяси жобаны кәсіпкер Илан Шор басқарған. Ол ірі алаяқтық ісі бойынша сырттай сотталып, қазір елден тыс жерде жүр.
Сотта Гуцул өзіне тағылған айыпты толық жоққа шығарып, үкімді саяси астары бар қысым деп бағалады. Айыпталушының сөзінше, шығарылған шешім құқықтық нормаларға емес, биліктің кек алу ниетіне негізделген. Үкім жарияланған сәтте ол полиция бақылауымен сот залынан әкетіліп, жалпы режимдегі колонияға жеткізілген. Қорғаушысы Серджиу Морару апелляция берілетінін мәлімдеп, сот процесін «көрсетілім үшін ұйымдастырылған жаза» деп атады.
Орыс пропагандасының адал сарбазы
Тергеу материалдарында Гуцулдың «Шор» партиясымен байланысты қылмыстық топтан 2,5 млн доллар алғаны жазылған. Қаражат өңірлерде ресейшіл үгіт-насихатты күшейтуге жұмсалған деген тұжырым бар. Молдова билігі осы әрекеттерді ел ішіндегі саяси тепе-теңдікті бұзу үшін Мәскеу тарапынан жасалған арандату ретінде қарастырып отыр.
Гуцул Гагауз автономиясының басшысы қызметіне 2023 жылы сайланған. Ресми Кишинев сол науқанды да Ресейдің жасырын қаржыландыруымен байланыстырған. Бұған дейін ол Кишинев әуежайында сайлаудағы заңбұзушылықтарға қатысты күдікпен ұсталған еді.
Сандудың ұстанымы қандай?
Президент Майя Санду билікке келген кезеңнен бері Молдова Еуроодақпен ықпалдастықты күшейту бағытын ұстанып отыр. Осындай жағдайда ел ішіндегі ресейшіл топтар Гуцулдың төңірегіне топтасып, батысқа бет алған саясатқа қарсы әрекеттерін күшейткен. Санду мен оның партиясы Мәскеуді «Шор» секілді құрылымдар арқылы ел ішіне іріткі салуға тырысып отыр деп бірнеше мәрте айыптаған.
Ресей жағы да көп ұзамай реакция білдірді. Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков істің саясиланғанын айтып, Молдова билігін оппозицияны тұншықтыруда деп кінәлады. Үкім жарияланған күні сот ғимаратының алдына ресейшіл көзқарастағы жүзден астам адам жиналып, Гуцулды қолдап, билікке наразылық білдірген.
Гагаузия аумағында негізінен түркітілдес гагауз халқы тұрады. Аймақта Мәскеуге бейіл көзқарас бұрыннан бар. Приднестровьемен салыстырғанда автономияның жеке әскері жоқ әрі ресми түрде Кишиневтің бақылауында. Соған қарамастан, өңір басшылығы өз саяси ұстанымын дербес білдіріп келген.
Гуцул қызметке кіріскеннен кейін Кремльге жиі барып, ықпалды ресейлік шенеуніктермен, сондай-ақ арнайы қызмет өкілдерімен кездескені батыстық ақпарат құралдарында жазылған. Кей дереккөздер оның Ресей президентімен жабық форматта жүздескенін де алға тартады.
Айта кетейік, 2024 жылғы қарашада өткен президент сайлауында Майя Санду екінші мерзімге қайта сайланған. Ел ішіндегі дауыс саны бойынша қарсыласынан қалып қойғанымен, шетелдегі еңбек мигранттарының қолдауымен 55,33 пайыз жинап жеңіске жеткен. Конституциялық сот нәтижені заңды деп танығанымен, ресейшіл күштер Сандуды заңсыз сайланған президент деп есептейді.

