Қазақстандағы шағатай қолжазбаларын зерттеу бойынша «Ғылым ордасы» мен Гарвард университетінің бірлескен семинары өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Қазақстанның қолжазба мұрасы: реестрлеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеу» ғылыми бағдарламасы аясындағы іс-шараға «Ғылым ордасы», Гарвард университеті жанындағы Дэвис Ресей және Еуразиялық зерттеулер орталығы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Astana IT University мамандары қатысты.
Гарвард университетінің Шығыс Азия тілдері мен өркениеттері кафедрасының препцепторы доктор Гүлнар Е. Юлғун шағатай қолжазбалары бойынша семинар өткізді.
Семинар барысында шағатай тіліндегі тарихи мәтіндерді ғылыми интерпретациялау, палеографиялық ерекшеліктерін ажырату, мәтіндік дәстүрлер мен қолжазбатану ғылымындағы озық зерттеу тәсілдері талқыланды. Сонымен қатар қатысушылар шағатай мәтіндерін оқып-зерттеудің теориялық білімін практикалық сабақтармен толықтырды.
Сондай-ақ семинарда көне шағатай мәтіндерін дәл әрі қолайлы цифрлық форматтарға ауыстырудың инновациялық әдістері қарастырылды. Мәтіндерді кодтаудың халықаралық стандарттары, цифрланған қолжазбаларды сақтау мен ғылыми айналымға енгізудің заманауи технологиялары жөнінде озық тәжірибелер айтылды. Мамандар өзара тәжірибе алмасып, пікір алмасты.
Аталған жоба бірнеше жыл бойы «Ғылым ордасы», Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Astana IT University мен Гарвард университетінің Дэвис Ресей және Еуразиялық зерттеулер орталығы арасындағы консорциум аясында жүзеге асырылып келеді.
Қазіргі таңда қазақстандық мамандар Түркияның Анкара және Ыстамбұл қалаларында қолжазбаларды сақтау, қалпына келтіру, ғылыми каталогтау мен цифрландыру бағытында тағылымдамадан өтіп, түркиялық әріптестерінің тәжірибесі мен озық технологияларын меңгеруде. Бұл өз кезегінде еліміздегі қолжазбатану ғылымын ілгерілетуге жол ашпақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

