Қазақстан ұзақ жылдар бойы ел экономикасының басты қозғаушысы саналған энергетика саласындағы ережені түбегейлі өзгертуге кірісті.
Жылдар бойы жалғасқан газ бағасын төмен деңгейде ұстау саясаты бірте-бірте тоқтатылмақ. Бұған себеп ел ішінде арзан отынның салдарынан орын алған экономикалық теңгерімсіздік пен инфрақұрылымдық тәуекелдер, деп хабарлайды Ertenmedia Oilreview-ге сілтеп.
Қазақстан газ қоры бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі саналады.
Алайда, ішкі нарықта сұраныстың күрт өсуі мен өндіріс инфрақұрылымының тозуы елді энергия тапшылығына әкеліп отыр.
Осыған байланысты, ел үкіметі газ саласындағы экономикалық саясатты толығымен қайта қарауды бастады. Бұрын зауыттар сұйытылған мұнай газын ішкі нарыққа өндіріс шығынынан төмен бағаға сатуға мәжбүр болатын. Мамандардың дерегінше, 128-147 доллар тұратын өнім ішкі нарықта 82-96 доллардан сатылған.
Осыған ұқсас жағдай тауарлық газ нарығында да қалыптасып, Алматы өңіріне жеткізілетін газ бағасы өзіндік құнынан екі есе төмен белгіленген еді.
Мұндай баға саясаты өндіруші компанияларды шығынға батырып, ішкі нарықтағы залал экспорттан түскен табыспен жасырын түрде жабылып келді.
Нәтижесінде Қазақстан әлемде газы ең арзан елдердің үштігіне енгенімен, бұл фактор ішкі нарықта артық тұтынуға әкеліп, ресурстардың тез сарқылуына және инфрақұрылымның тозуына себеп болды.
2024 жылы ішкі нарықтағы газ тұтыну көлемі 9 пайызға өсіп, 21,2 млрд текше метрге жеткен. Осы кезеңде сұйытылған газды тұтыну да артқан. Бұл тенденция алдағы жылдары газ тапшылығының негізгі себебі болмақ.
Газ бағасының тым төмендігі көрші елдермен арадағы көлеңкелі сауданы күшейткен. Мысалы, Қазақстанда автогаз бағасы литріне 0,21 доллар болса, көршілес Ресейде 0,36 долларды құрайды. Осы айырмашылықтан туындаған заңсыз экспорт ішкі нарықтағы тапшылықты арттыра түсті.
Үкімет қолға алған жаңа реформа бойынша 2028 жылға дейін газ бағасын экономикалық негізделген деңгейге дейін біртіндеп көтеру көзделіп отыр.
Бағаны көтеру тұтынушы үшін ауыр болғанымен, салаға инвестиция тарту үшін маңызды сигнал. «Шешімнің артында елдің газ саласын тұрақты даму жолына қою мақсаты тұр» деп пайымдайды сарапшылар.
Үкімет саланы дамыту үшін бірқатар ірі жобаны жүзеге асыруда.
2030 жылға қарай коммерциялық газ өндіру көлемін қазіргі 23 млрд текше метрден 31 млрд текше метрге жеткізу жоспарланған. Осы мақсатта жаңа кен орындары іске қосылып, Атырау өңірінде Қашаған газын өңдейтін ірі зауыт салынуда. Жобаны Катардың беделді инвесторы UCC Holding компаниясы қаржыландыруда. Сонымен қатар Жаңаөзен мен Қарашығанақта жаңа газ өңдеу зауытын салу жоспары да қарастырылып отыр.
Газ инфрақұрылымын дамыту аясында Алматы ЖЭО-ның газға көшірілуі және елдің солтүстік-шығыс өңірлерін газдандыру жұмыстары қолға алынды.
Сондай-ақ, стратегиялық маңызды «Бейнеу–Бозой–Шымкент» газ құбырының екінші желісінің құрылысы басталды. Бұл елді газбен тұрақты қамтып, транзиттік әлеуетті арттыру үшін маңызды жоба.
Сонымен қатар заңнама да жетілдірілуде.
2023 жылы жер қойнауын пайдаланушылардан газ сатып алудың жаңа формуласы енгізілді. Парламент энергия үнемдеуге бағытталған «Газды үнемді пайдалану туралы» заң жобасын әзірледі. Бұл тұтынушылардың жауапкершілігін арттырып, артық тұтынуды азайтуға бағытталған қадам.
Осы реформа аясында әлеуметтік қолдау да ұмыт қалған жоқ.
2024 жылы әлеуметтік жағдайы төмен топтарға газ ваучерлері (жеңілдіктер) беріле бастады. Сонымен қатар шағын ауылдарды газдандыру бағдарламасы да жалғасуда.
2025 жылдың басындағы дерекке сәйкес, Қазақстанның газбен қамтылу деңгейі 62,4 пайызға жеткен. 2040 жылға қарай техникалық мүмкіндігі бар аумақтардың 90 пайызын газбен қамту көзделіп отыр.