Қазақстанда газбен жүретін көліктер саны бір жыл ішінде 36 пайызға өсіп отыр. Бұдан елімізде тұтас бір энергетикалық парадигманың ауысып жатқанын аңаруға болады. Көлік – тек транспорт емес, ол – саяси, экономикалық және экологиялық шешімдердің жиынтығы. Ұлттық статистика бюросының соңғы деректері осыны анық көрсетіп отыр.
2024 жылдың 1 маусымына қарай Қазақстанда 6,3 миллион автокөлік тіркелген. Соның ішінде жеңіл көліктер – 86,5 пайыз. Бұл – біздегі жеке меншіктің, урбанизацияның және аймақтық мобильділіктің нақты көрінісі. Бірақ бұл көрсеткіштің ар жағында әлеуметтік теңсіздік пен көлік инфрақұрылымының шектеулері де жатыр. Әсіресе ауылдық аймақтардағы жол сапасы мен газ құю бекеттерінің тапшылығы – стратегиялық шешімдерді қажет етеді.
9,7 пайыз жүк көлігі – бұл экономиканың нақты секторының тамыры. Жүк көліктерінің техникалық күйі, жанармай тұтыну үлгісі, жол-көлік жүйесіндегі орны – бұлар да ұлттық экономиканың бейнесін береді. Ал автобустар мен мотоциклдердің үлесі – 1,9 пайыз. Бұл урбанизация мен қоғамдық көлік жүйесінің шектеулі дамуын көрсетеді. Көптеген елдерде мотоцикл – экологиялық балама, ал бізде ол әлі күнге дейін маргиналды көлік құрал саналады.
Ең қызығы – еліміздегі автопарктің 82 пайызы бензинмен жүреді. Бұл – Қазақстан үшін қауіпті көрсеткіш. Өйткені бұл жайт валюта тәуелділігін арттырып, экологиялық ахуалды қиындатады. Сонымен қатар нарықта бәсекенің әлсіздігін көрсетеді. Қазір көліктердің небәрі 0,3 пайызы ғана сұйытылған газ бен электр қуатымен жүреді. Бұл – катастрофалық диспропорция.
Бірақ газбен жүретін көлік санының 36 пайызға өсуі – мұның бәрін өзгертуге дайын әлеуметтік импульс бар екенін көрсетеді. Бұл – қарапайым халықтың бензин мен дизель бағасының өсуіне реакциясы десек болады. Алдағы уақытта бұл өсімді жүйелі саясатқа айналдыру керек.
Бізде газ – ұлттық байлық. Бірақ ол әлеуетті толық пайдаланып жатырмыз ба? Мысалы, сұйытылған газдың өзіндік құны мен нарықтағы бағасы арасындағы алшақтық – инвестициялық саясат пен баға белгілеу механизміндегі жүйесіздікті көрсетеді. Қытай, Түркия немесе Оңтүстік Корея секілді елдер газды тек экспорттаумен емес, ішкі энергияның балама көзі ретінде пайдалану арқылы жүйелі артықшылыққа ие.
Ал Қазақстанда газбен жүретін көліктердің көбеюі – экологиялық трансформацияның бір бөлшегі ғана. Бұл бағытта бізде нормативтік база да, индустриялық инфрақұрылым да жеткіліксіз. Мысалы, Қазақстандағы газ құю станцияларының тең жартысы үш ірі мегаполиске шоғырланған. Ал өңірлік трассаларда оларды саусақпен санап алуға болады.
Егер мемлекет автокөлік иелеріне газға көшу үшін нақты механизмдер, субсидия, салықтық ынталандыру, техникалық көмек ұсынбаса, онда бұл көшу тек жеке бастың тәуекеліне айналады. Бізге осы үрдісті жетілдіруіміз керек.
Қазақстан 2060 жылға қарай көміртекті бейтарап экономикаға өтуді мақсат етіп отыр. Газ – осы жолдағы өтпелі кезеңнің маңызды буыны. Себебі ол көмір мен дизельге қарағанда анағұрлым таза. Егер біз газды көлік отыны ретінде дамытсақ, бұл – экологияны жақсартып қана қоймай, энергетикалық дербестікті де күшейтеді.
Қазір газбен жүретін көліктерге сұраныс артқан сайын, бұл салаға бизнес қауымдастық та, көлеңкелі нарық та кіре бастайды. Жалған баллондар, сапасыз конвертация, техникалық қауіпсіздікке мән бермеу – осының бәрі мемлекеттік бақылауды қажет етеді. Сондықтан бұл салада тек экономикалық емес, техникалық және құқықтық реформалар қажет.
Осы өзгерістер аясында жаңа сұрақтар туындайды. Бізде газбен жүретін көліктердің өндірісі жолға қойылған ба? Отандық автоөнеркәсіп осы бағытты дамыта ала ма? Шетелдік инвесторлармен ынтымақтастық мүмкін бе? Егер біз осы сұрақтарға нақты жауап таба алсақ, онда газбен жүретін көліктер тек тренд емес, жүйелі реформаға айналады.
Нұрлан ЖҰМАХАН