Қырғыз билігінің ең жоғары эшелонында «төңкеріске ұқсас» ауыс-түйіс болды. Президент Жапаров Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Қамшыбек Тәшиевті орнынан қозғады деп жазады Ertenmedia.kz.
Тәшиев қызметтен алынғанын немістің Мүнхен қаласында жүріп естіген. Сол жерде жүрегіне жасалған отаға байланысты медтексерістен өтіп жатқан екен.
«Бішкектегі дереккөздің мәліметінше, Жапаровтың шалт жүрісіне Тәшиевпен арадағы ұрыс-керіс себеп болған. Телефон арқылы тілдескен тандем бір-біріне ауыр сөз айтса керек», — дейді осы тұста саясаттанушы Аркадий Дубнов.
Жапаров не дейді?
Президенттің баспасөз хатшысы әуелде әлгі шешімді «елді, мем.құрылымдарды екіге жармау» мақсатымен түсіндірген. Арада екі сағат өткесін президент командасы басқа аргументті ортаға салды.
Айтуынша, Тәшиевке бағынышты топ оның атынан депутаттарға, басқа да ықпалды тұлғаларға қоңырау соғып, «генерал жағына өтіңдер» деген мазмұнда үгіт жүргізген.
Жапаровтың өзі осы туралы: «Олар депутаттарға және түрлі тұлғаларға шығып, «генерал жағына шығыңдар, мынаған қол қойып, былай істейік» деп түрлі әрекетке итермелеген. Бұл ел ішінде, саяси қызметкерлер арасында алауыздық туындауына түрткі болды», – деп мәлімдеді. «Генерал жағына өтіңдер» деген риторика әдетте билікке қарсы бүліктің басы ретінде қабылданатыны белгілі.
Тәшиевтің уәжі қандай?
Алайда Тәшиевтің адамдары әңгіме «жаңа президент сайлауын тағайындауды талап ету» туралы өтінішке қол қою жөнінде болғанын айтады.
«Құжатқа бұрынғы премьерлер, депутаттар, қоғам қайраткерлері мен ғалымдардан құралған 75 адам қол қойды. Олар 2021 жылы қабылданған жаңа конституциядағы президенттік мерзімнің екіұшты ережесіне алаң білдірген», – дейді осы тұста Тәшиевтің сенімді серігі Бекболат Талғарбеков.
Сөзінше, жаңа Ата заңда президенттік мерзім екі рет 5 жылдан аспайтыны көрсетілген. Жапаров 2021 жылы әлі ескі конституция бойынша 6 жылға сайланған.
«Осы мәселе қоғамда бүлік тудыруы мүмкін деген уайым бар. Жаңа конституцияға сәйкес, Жапаров келесі сайлауда тағы екі мерзімге (10 жыл) немесе қазіргі мерзімін қосқанда жалпы 16 жыл билікте отыру мүмкін. Бұл ма, бұл Путиннің тәсілін еске салады, — дейді Дубнов.
Пікірінше, дәл осы мәселе тандемнің арасындағы конфликтіге тікелей триггер болған.
«Тәшиев ерте ме, кеш пе президенттікке ұмтылар еді. Жапаров 2020 жылы президенттікке соның арқасында келген. Осы күнге дейін берік саналған саяси одақ өзінің ғұмырын аяқтады, тұрақтылық кепілі болудан қалды», — дейді сарапшы.
Ендігі жағдай қалай өрбиді?
Ендігі мәселе елдегі күштік құрылымның экс-жетекшісі Жапаровқа қалай жауап қатады? Германиядан орала ма? 2027 жылға белгіленген президент сайлауына қатыса ма? Белгілі қырғыз саясаткері Феликс Құлов бұған былай жауап қатыпты: «Тәшиевтің ендігі тағдыры өзіне байланысты. Билікпен ашық текетіреске бармаса, қудалауға ұшырамайды».
Айта кетелік, бұған дейін Испанияда тұрып жатқан елдің экс-президенті Алмазбек Атамбаев Жапаров билігінің жасырын схемасын әшкерелеген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

