Астрономдар Күн жүйесінен тыс кеңістікте бұрын-соңды тіркелмеген жаңа типтегі планетаны анықтады. L 98-59 d деп аталған бұл нысан қазіргі экзопланеталарды жіктеу жүйесіне күмән келтіріп отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ғалымдар планетаны зерттеу барысында Джеймс Уэбб ғарыш телескопының деректерін және күрделі компьютерлік модельдерді қатар қолданған. Нәтижесінде L 98-59 d Жерден шамамен 35 жарық жылы қашықтықта орналасқан қызыл ергежейлі жұлдызды айналып жүретіні және оның астында алып магмалық мұхит бар екені анықталған.
Зерттеуді жүргізген Оксфорд университетінің астрономдары бұл планетаның құрамында күкірттің мол қоры бар екенін айтады. Ол мыңдаған шақырым тереңдікте орналасқан балқыған силикат жыныстарының мұхитында жинақталған. Уақыт өте келе осы магма күкіртті атмосфераға бөліп шығарып отырады.
Зерттеу жетекшісі доктор Харрисон Николлстың пікірінше, қазіргі қолданылып жүрген планета жіктеу жүйесі тым қарапайым болуы мүмкін. Себебі бүгінге дейін кіші экзопланеталар негізінен екі топқа бөлініп келген. Бірі – тасты, атмосферасы жұқа планеталар, екіншісі – қалың мұхитпен жабылған әлемдер. Ал L 98-59 d бұл екі категорияның ешқайсысына сәйкес келмейді.
Планетаның тағы бір ерекшелігі – оның көлемі Жерден 1,6 есе үлкен болғанымен, тығыздығы төмен. Ғалымдар 5 миллиард жылдық эволюциясын модельдеу арқылы оның бастапқыда субнептун типіне жақын болғанын, кейін біртіндеп салқындап, атмосферасының бір бөлігін жоғалтқанын анықтаған.
Бақылаулар көрсеткендей, планета атмосферасында күкіртке бай газдар, соның ішінде күкіртсутек (H₂S) бар. Ал терең қабаттағы магмалық мұхит осы газдардың негізгі көзі қызметін атқарады. Мұндай құрылым планетаның атмосферасын жұлдыздың радиациялық әсерінен сақтауға мүмкіндік береді.
Ғалымдар магмалық мұхиттар тек экзотикалық құбылыс емес екенін атап өтеді. Олар барлық тасты планеталардың, соның ішінде Жер мен Марстың бастапқы кезеңінде болған негізгі құрылымдық элементтердің бірі саналады. Сондықтан мұндай планеталарды зерттеу арқылы Жердің ерте кезеңдегі дамуын да түсінуге болады.
Зерттеу авторларының бірі, профессор Раймонд Пьерхумберттің айтуынша, заманауи модельдеу әдістері арқылы адам ешқашан бара алмайтын планеталардың ішкі құрылымын да зерттеуге мүмкіндік бар.
Ғалымдар бұл жаңалық галактикада күкіртке бай, магмалық мұхиттары бар планеталардың тұтас жаңа класын анықтауға жол ашатынын айтады. Алдағы уақытта жаңа миссиялар мен Джеймс Уэбб телескопының деректері осы бағыттағы зерттеулерді тереңдетіп, ғарыштағы алуан түрлі әлемдердің табиғатын түсінуге мүмкіндік береді.
Астрономдар ғаламдағы ең ірі әрі жарық жұлдыздардың өмірі туралы жаңа мәліметтерге қол жеткізді. Мұндай алып жұлдыздар рок-жұлдыздар секілді жарқырап туады, қысқа әрі ғаламат өмір сүріп, ерте сөнеді екен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







