2025 жылдың 19 мамырында «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Ұлар Мұқажанов бастаған делегация Иран Ислам Республикасының астанасы – Тегеран қаласындағы үш ірі мәдени мекемеде ресми сапармен болды. Бұл сапар екі ел арасындағы ғылыми, мәдени және архив салаларындағы өзара серіктестікті нығайтуға және ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Делегацияның алғашқы аялдамасы – Иранның алғашқы жекеменшік музейі ретінде танылған Малек ұлттық музейі мен кітапханасы болды. 1937 жылы қажы Хусейн Малек тарапынан негізі қаланған бұл мекеме бүгінде Құдс Разави орталығының қарамағында қызмет етеді. Музей мен кітапхана сирек қолжазбалар мен тарихи жәдігерлердің бай қорына ие. Сапар барысында делегация музейдің құрылымымен, кітап қоймасымен және зертханасымен танысып, алдағы уақытта бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру мәселелері бойынша келісімге келді.
Келесі кездесу Ислам мәдениеті және қарым-қатынас ұйымында өтті. Онда тараптар ғылыми, мәдени және білім беру салаларындағы ықтимал ынтымақтастық пен бірлескен жобалар туралы пікір алмасты. Сонымен қатар, екі ел арасындағы мәдени және ғылыми қарым-қатынастарды одан әрі кеңейту мәселелері қарастырылды.
Сапар аясындағы үшінші нысан – «Нур» халықаралық микрофильмдер орталығы болды. Бұл мекеме кітап цифрландыруы мен реставрация саласында мол тәжірибеге ие. Кездесу барысында тараптар реставрация және консервация саласындағы дайындық курстарын ұйымдастыру, кодикологиялық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ Алматы қаласында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жөнінде уағдаласты.
«Ғылым ордасы» өкілдерінің Тегеран қаласына сапары Қазақстан мен Иран арасындағы ғылыми және мәдени байланыстарды нығайта отырып, екі елдің мәдени мұрасын сақтау және дамыту бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ықпал ететін болады.