Ғылым ордасында Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы мен Мәдени орталығының ұйымдастыруымен «Иран кино және өнері түні» мәдени іс-шарасы өтті, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шараға «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Ұлар Мұқажанов, Иранның Алматыдағы Бас консулы Суна Ахмади, Иран мәдени орталығының басшысы Хоссейн Ағазаде, сондай-ақ Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының, Ұлттық кітапхананың, Орталық музейдің, «Қазақфильм» киностудиясының, Дипломатиялық клубтың, Философия институтының өкілдері, студенттер мен ұстаздар қатысты.
Кеш барысында ирандық режиссердің «Ағаш құшағында» фильмі көрсетіліп, қонақтар иран қолөнерінің бірегей туындыларымен танысты. Сондай-ақ Орталық ғылыми кітапхананың сирек кітаптар көрмесі ұйымдастырылды.

«Ағаш құшағында» (Dar Aghooshe Derakht) отбасы, махаббат пен адам рухының төзімділігін шынайы бейнелейтін драма. Фильм Кимия мен Фаридтің он екі жылдық некесінің қиын кезеңін және олардың шешімінің екі баланың өміріне әсерін көрсетеді. Туынды отбасылық құндылықтардың нәзіктігі мен беріктігін ашып, көрерменге отбасы бірлігінің маңызы мен жауапкершіліктің мәнін ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді.
Фильм Иран тарапынан 97-ші «Оскар» сыйлығына ұсынылып, халықаралық деңгейде мойындалды. Сондай-ақ Мәскеуде өткен «В кругу семьи» фестивалінде «Үздік фильм» және «Үздік әйел рөлі» марапаттарын жеңіп алды. Бұл драма отбасы құндылығын жоғары бағалайтын қазақстандық көрермен үшін де ерекше әсерлі әрі мағыналы болды.
Іс-шара Қазақстан мен Иран арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтып, өнер арқылы халықтар арасындағы рухани байланысты арттыруға ықпал етті.