Ақтөбеде «емшіге алдандық» деп 100 шақты адам шу шығарды. Дертіне дауа іздеп барғандарды гипнозбен арбап несие алдыртқан көрінеді. Алданғандардың қатарында туыстары да бар, — деп хабарлайды ErtenMedia КТК телеарнасына сілтеп.
30 жылға жуық емшілікпен айналысқан Сұлушаш Қазыбаеваға алдандық деген ақтөбеліктер саны алпыстан асқан. Олардың қатары күннен-күнге көбейіп барады. Емші қабылдауына келгендерді гипнозбен есінен айырып, онлайн несие алдырады екен. «Еріксіз қарызға батқанымызды есімізді жиған соң ғана білдік» дейді тұрғындар.
«Емге барып жүргенімде гипноз арқылы мені 18 миллионға сазға отырғызды. Қазыбаева Сұлушаш деген кісі. Бес баламен қазір жұмысым да, тамағым да жоқ, балаларыма алатын, мысал үшін. Емделуге барғанда жатқызып қойып, гипноз жасай ма, білмеймін. Жатқызып қойып емдейді. Кейін не істегенімізді білмейміз. Телефонымызды алып, біздің атымыздан несие рәсімдеп отырған», — дейді Райхан Зарлықова.
Алданғандардың тағы бірінің айтуынша, оның атынан 1 миллион теңге несие алып, оны өз қолымен шотына аудартып алған.
«Басым ауырып бардым. «Басың ауырып тұр ма?» деп сұрады. Көзім қарауытып дым сезбей қалдым. Бір есімді жисам, «басыңды оңға бұр, солға бұр» деп, менің телефонымдағы банк қосымшасынан кредит алып жатқанын сездім. Сол кезде бір миллионға несие мақұлданған. Сосын өз қолымен телефонына аударып алды», — дейді Алмагүл Хасанғалиева.
Халық емшісі алдына келгендерді ғана емес, өз жақындарын да алдаған. Сан соғып қалғандардың қатарында туыстары мен ауылдастары да бар. Бәрі «қандай сиқырға тап болдық» деп, таңданып отыр. Зейнетке шыққан жеңгелері де миллиондаған несиені қалай алғанын білмейді.
«Ем жасады, кейін басым ауырды, сөйтіп тұрғанда телефонымды алып, былай-былай сөйлесті. Тіпті қой дегенге қоймады. Білмеймін, суретке түсірді де, мақұлдауға жіберді. Сол жерде «саған үш миллион шықты» деп, мені мақтады», — дейді Күлзипа Төремұратова.
Емшіге алданғандар полицияға арыз да түсірген. Облыстық прокурордың да қабылдауына барды. Олар Сұлушаш Қазыбаеваны қамауға алуды талап етіп отыр.
«Осы қылмыстық іс аясында арыз жазғандар, басқа да арыз жазуға дайын азаматтар бар екен. Барлық мән-жайды анықтадық. Ол кісіні тергеу үшін полиция бөліміне жеткіземіз», — дейді Ақтөбе полиция департаменті басқармасының бастығы Әсет Қалиев.