Қазақстанда тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) таралу көрсеткіші соңғы аптада күрт өскені байқалды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың дерегінше, елде жыл сайын 3-4 млн ЖРВИ және екі мыңға жуық тұмау жағдайы тіркеледі. Биылғы эпидемиологиялық маусым басталған 1 қыркүйектен бері республика бойынша 1 461 819 адам ЖРВИ жұқтырған. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 20 пайызға төмен.
Бірақ соңғы аптадағы ахуалдың күрт өзгеруі мамандарды алаңдатып отыр.
Өткен бір аптада ғана 183 074 жағдай тіркеліп, былтырғы жылдың осы кезеңінен 16 пайызға артқан. Ауруға шалдыққандардың басым бөлігі 14 жасқа дейінгі балалар (66 пайыз немесе 963 847 бала).
Министрлік биылғы маусымда тұмаудың 590 жағдайы расталғанын мәлімдеді. Оның 587-сі елімізде 2001 жылдан бері белгілі H3N2 («Гонконг») штамы болса, үшеуі А (H1N1) штамы.
«Биыл тұмау вирустары әдеттегіден ертерек, қазан айының бірінші жартысынан бастап тарала бастады. Қазақстанда бұрын кездеспеген жаңа штамдар тіркелген жоқ. Сонымен қатар ЖРВИ белгілері бар науқастардың сынамалары риновирус, парагрипп, аденовирус, бокавирус, коронавирус, РС-вирус және метапневмовирусқа да тексерілуде. Бұл вирустар еліміздің барлық өңірлерінде анықталып отыр», – деді министр Әлназарова.
Оның айтуынша, соңғы бір аптада республика мектептерінде 6 мыңнан астам оқушы ЖРВИ жұқтырса, 13 балада тұмау анықталған. Бүгінгі күнге дейін тұмауға қарсы 2,1 миллион адам вакцина салдырған. Қолданылып жатқан вакцина тұмаудың, соның ішінде H3N2 штамының таралуын тежеуге тиімді.
Министрлік ел азаматтарына сақтық шараларын қатаң сақтауға кеңес берді. Адам көп жиналатын жерлерге бармау, бөлмені жиі желдетіп тұру, антисептик пайдалану, сырқаттанған балаларды мектепке жібермеу қажеттігі айтылды.
Айта кетейік, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов вирустық инфекциялар маусымына дайындықты күшейтуді тапсырған болатын.
«Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер емдеу орындарында медициналық көмек сапасын қатаң бақылауға алсын. Қажет болса, ауруханаларда қосымша төсек-орын әзірлеп, мобильді медициналық топтарды іске қосу керек. Дәріханаларда вирусқа қарсы дәрілердің жеткілікті болуына ерекше назар аударыңыздар», – деді Бектенов Үкімет отырысында.
Үкімет басшысы халық арасында вирусқа қарсы профилактикалық шараларды түсіндіру жұмыстарын күшейтуді де тапсырды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға жағдайды жеке бақылауда ұстау міндеттелді.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Доп тебуге келген девелопер: Құрылыс алаңынан футбол алаңына ауысқан капитал

