Жамбыл облысында жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) жаппай тарап, өңір мектептері қашықтан оқуға көше бастады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Әсіресе Тараздағы жағдай күрделі. Қала мектептерінің 74 пайызы онлайн форматқа ауысуға мәжбүр. Қазірдің өзінде облыс бойынша 82 мектеп, оның ішінде Тараз қаласының 51 мектебі қашықтан оқытуға өткен.
Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қаулысы бойынша, сыныптардағы науқас оқушылар саны 30 пайыздан асса, мектеп толығымен онлайн форматқа көшеді, барлық бұқаралық шаралар тоқтатылады.
Эпидемиологтар ЖРВИ-мен бірге «гонконг тұмауының» да өршіп тұрғанын ескертіп отыр. Осыған байланысты өңірдің дәріханаларында дүрбелең басталды. Тұрғындар вирусқа қарсы препараттарды жаппай сатып алуға кіріскен.
Дәрігерлер ауру белгілері байқалғанда өз бетінше емделмей, бірден мамандарға жүгінуге, сақтық шараларын қатаң ұстанып, адамдармен қарым-қатынасты барынша шектеуге кеңес беруде.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Гонконгтан келген «қонақ»: Қазақстанда тұмаудың тосын толқыны басталды

