Алматыдағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалдының ісі бойынша сот процесі жалғасуда, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сот отырысында кәсіпкер Абай Жүнісовтің ағасы Қасым Жүнісов жауап берді. Ол кезінде інісі мен Гүлмира Сатыбалды бірлесіп ашқан құрылыс компаниясында қызмет еткен.
Жүнісовтің айтуынша, ол Гүлмира Сатыбалдымен алғаш рет 2011 жылы кездесіп, кейін аралары жақсы қарым-қатынасқа ұласқан. Сатыбалды оған және інісіне өз ықпалын пайдаланып, әкімшілік ресурстар арқылы көмек беретінін айтқан.
«Біз оған толық сендік, өйткені ол Қайрат Сатыбалды және Назарбаев әулетімен тығыз байланыста болды. Соның нәтижесінде бірден бірнеше ауқымды нысанды сәтті салдық. Мәселен, екі жылда бітуі тиіс 1200 орындық мектеп құрылысы бір жылда аяқталды. Сондай-ақ, жалпы құны 8,2 млрд теңгеге екі Назарбаев интеллектуалдық мектебін салдық», – дейді Қасым Жүнісов.
Сонымен қатар, оның айтуынша, компания Алматыда жалпы құны 24 миллиард теңгені құраған мұз айдынын да салып шыққан. Нысанның ашылуына Назарбаевтың өзі қатысып, суретке түскен. Бұдан бөлек, сол кездегі Алматы әкімі Бауыржан Байбектің тапсырысымен 1200 орындық химия-биология бағытындағы мектеп те салынған.
Сотта жәбірленушінің адвокаты осы жобалардың құрылысы кезінде түсірілген суреттерді көрсетуді сұрады. Оның пікірінше, суреттер құрылыс нысандарының Сатыбалды айтқандай заңсыз ақша жымқырумен емес, адал әрі уақытында салынғанын дәлелдейді.
Өз кезегінде Гүлмира Сатыбалдының адвокаты да суреттерді көрсетуге қарсы болмады. Бірақ ол мұны ағайынды Жүнісовтердің Сатыбалдымен бірлесіп жұмыс істегенде тиімді пайда тапқанын растайтын дәлел ретінде ұсынды.

