Блогерлік жанрдың күшеюі – тарихты бұрмаланған күйінде қабылдай беретін буынның пайда болуына алып келіп отыр. Бұл туралы тарихшы Бүркіт Аяған Abay Live ютуб-арнасына берген сұқбатында айтты.
Оның айтуынша, 21 ғасырда әлеуметтік желінің күшеюіне байланысты ақпараттық соғыс тым шиеленісіп кетті. Ең сорақысы, қазіргі таңда блогерлік жанр теріс пиғылды насихат, пропаганда құралына айналып отыр.
«Блогерлік деген дүние кеше ғана пайда болған жоқ. Ол адамзат пайда болғалы бар дүние. Ол ежелгі дәуір, құл иеленушілік кезеңінде де болды. Адамзат туралы, қоғам туралы, дүниенің жаратылысы туралы пікірлер әр кезеңде де айтылып, талқыланып жатты.
Алайда оның өзіндік ерекшелігі, қалыптасқан қағидасы бар еді. Ал бүгінгі таңда әлеуметтік желінің күшеюіне байланысты бұл мәселе тым ушығып кетті. Блогерлік жанр бақылаудан шығып, жаппай насихат, пропагандалық сипатқа ие болып кетті. Қазір блогерлер не айтса да сол мезетте жүздеген, мыңдаған адамның құлағына жететін күшке айналып кетті.
Ең қауіптілігі – жұрт соны ақиқат деп қабылдайды. Осының салдарынан тарихты қате түсінетін. Жалған зерттелмеген, бұрмаланған күйінде қабылдай беретін буынның пайда болуына алып келіп отыр», — дейді тарихшы.
Сондай-ақ ол бүгінгі таңда әсіресе нақты білімі жоқ тарихшы блогерлердің көбейгенін айтады. Өз кезегінде мұндай блогерлер қоғам үшін өте қауіпті болып отыр. Себебі, мұндай блогерлердің тарихи білімі мен қоғам алдында ешқандай жауапкершілігі жоқ.
«Блогер дегеніміз тарихшы емес, тіптен журналист емес. Журналистика – нақты мамандық иесі. Арнайы білімі, дипломы бар кәсіби маман иесі. Ол аздай журналисттік этикасы, жауапкершілігі, оқыған оқу орны ең бастысы жауапкершілігі болады. Тарихшылар да солай. Олардың өзіндік кодексі бар. Ел алдында, бүтіндей халық алдында жауапкершілігі бар. Тарихи негізге сүйеніп, мұрағат деректерін негіз етеді.
Ал блогерде ондайдың ешқайсысы жоқ. Жауапкершілік, этика деген атымен жоқ. Әрі ол (блогер — ред.) кешегі оқи алмай қалған біреу болуы мүмкін. Бүгінде жоғары білімі, дипломы жоқтардың бәрі блогер болып, хайп қуып жүр. Осылар қазіргінің ақпараттық соғысын ушықтырып, хайп іздеп, өздерін көрсеткісі келіп әлек болып жатыр. Олардың ауызын жабу қиын. Нақты шара керек», — дейді ол.