Мәжілісте тағы да ши шықтты. Әңгіме бұл жолы Қазақстанның ең ірі қаржы институттарының бірі Halyk Bank атауына қатысты болып тұр. Қарапайым халық «Халық банкі» атауын ондаған жылдар бойы үйреніп кеткенімен, енді осы атаудың заңдылығы депутаттар күмәндана бастады. Себеп – депутат Марат Башимовтың қойған сұрағы. Ол жаңа «Банктер туралы» заң жобасын талқылау кезінде банктің «Халық» деп аталуы Конституциядағы терминдерді бұрмалаудың жарқын мысалы екенін айтты. Оның пікірінше, «халық» сөзі мемлекеттің ең басты әрі қасиетті ұғымдарының бірі, ал жеке меншік ұйымның өзіне сол атауды иемденіп алуы заңға қайшы көрінеді.
Марат Башимов бұл ойына дейін батыс тәжірибесіне тоқталды. Ол Германия мен Францияда жүйеқұраушы банктердің жартысынан астамы мемлекет меншігінде екенін, ал бізде барлығын жекенің қолына беріп қойғандай түсінік қалыптасқанын атап өтті.
– Нағыз ұлттық қауіпсіздік – дәл осындай қаржы институттарында. Ал бізде «Народный банк» деген атаумен жұртты шатастырып жүрген жеке компания жүр. Мұндай құқықты оған кім берді? – деді ол.
Осы сөздерден кейін залда үнсіздік орнады. Шынында да, атауы «халықтікі» болғанымен, Halyk Bank халыққа емес, нақты акционерлерге тиесілі. Бұл жерде сұрақ заңдылықтан бөлек, этикалық тұрғыдан да туындайды. Халықтың сеніміне сүйеніп отырған банк сол сенімді атау арқылы одан әрі күшейтіп отыр ма, әлде қоғамды шатастырып отыр ма – бұл сұрақ енді мемлекеттік органдар анық-қанығына жететін болады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова депутаттың сауалына бірден нақты жауап бере алмады. Ол бұл мәселені заңнама аясында қосымша тексеру қажет екенін айтты. «Қазіргі кезде атауға қатысты тыйым бар ма, жоқ па – соны зерттеу керек», – деді агенттік басшысы.
Алдағы уақытта бұл мәселе кең талқылауға түсетіні анық. Өйткені қоғам үшін «Халық банкі» – тек қаржы ұйымы емес, символдық мәнге ие атау. Кеңестік кезеңнен келе жатқан атау қазақстандықтардың санасында мемлекетпен тығыз байланысты ұғым ретінде орныққан. Депутаттың көтерген мәселесі – қаржы жүйесінің этикасына ғана емес, ұлттық бірегейлік пен мемлекеттік символдарға да қатысты болып тұр.
Сонымен бірге жаңа заң жобасы шетелдік банктерді Қазақстан нарығына тартуды көздейді. Бұл – бәсекелестікті күшейтетін қадам. Шетелдік инвесторлар елдің қаржы секторына қызығушылық танытып отыр. Бұл ретте мемлекет сыртқы капиталды тарта отырып, ішкі нарықтағы тұрақтылықты да қамтамасыз етуге мүдделі. Яғни бір жағынан, «Халық банкі» атауының заңдылығы талқыға түсіп жатса, екінші жағынан, қаржы секторының ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігі артып келеді.