Сәуірден бастап коммуналдық қызмет нарығы қайтадан қалыпты режимге көшеді. Былтыр күзде енгізілген тариф өсіміне қойылған шектеу алынып тасталмақ. Соның нәтижесінде коммуналдық кәсіпорындар бағаны қайта қарау мүмкіндігіне ие болады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әңгіме халық күнделікті төлейтін негізгі қызметтер туралы болып отыр. Олардың қатарында жылу мен ыстық су, электр қуаты, суық су, кәріз жүйесі, газ, қоқыс шығару және лифт қызметі бар. Яғни өзгеріс тұрғын үй-коммуналдық саладағы базалық төлемдердің бәріне әсер етуі мүмкін.
Дегенмен жаңа тариф бірден түбіртекке түсе қоймайды. Алдымен қызмет көрсетуші мекемелер уәкілетті департаменттерге өтінім тапсыруы керек. Кейін бұл өтінімдер қаралады.
Әдетте мұндай рәсім 90 күнге дейін созылады. Ал егер мәселе «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы аясында қаралса, мерзім шамамен 40 күн болуы мүмкін. Сол себепті жаңа тарифтің нақты әсері халықтың төлем қағазында маусым айына қарай анық сезілуі ықтимал.
Баға барлық өңірде бір уақытта өспейді. Ең алдымен инженерлік желілері тозған, апат жиі болатын аймақтарға басымдық беріледі. Сарапшылардың айтуынша, қауіп жоғары өңірлер қатарына елдің солтүстігі, шығысы, батысы және Ақмола облысы кіреді. Демек, инфрақұрылымы әлсіз аймақтарда тариф мәселесі алдыңғы кезекте көтерілуі мүмкін.
Әзірге нақты қанша пайызға өсетіні ресми түрде айтылған жоқ. Бірақ бір шектеу бар: тариф инфляция деңгейінен асып кетпеуі тиіс. Биыл инфляция 9-12 пайыз шамасында болады деген болжам бар. Бұл коммуналдық төлемдердің шексіз өсуіне жол бермейтін негізгі тежегіштің бірі болып отыр.
Сонымен қатар билік қазір «сквозной тариф» деп аталатын жаңа тәсілді де талқылап жатыр. Оның мәні қарапайым: егер электр энергиясы қымбаттаса, ол автоматты түрде су, жылу және басқа да қызметтердің құнына әсер етеді.
Яғни бір саладағы баға өсімі екінші салаға да тікелей ықпал ететін жүйе қалыптасуы мүмкін. Мұндай жағдайда түбіртектегі сандар тізбекті түрде өсуі ғажап емес.
Контекст
Еске салсақ, ақпан айында Астана, Алматы, Ақтау және өзге де қалалардың тұрғындары коммуналдық төлемдердің күрт көбейгеніне шағымданған еді. Кей жағдайда ай сайынғы түбіртек 30 мың теңгеден 50–70 мың теңгеге дейін бір-ақ көтерілген.
Сол кезде билік мұны тарифтің өсуімен емес, бірнеше фактормен түсіндірген. Біріншіден, қаңтар айы әдеттегіден суық болды, соның салдарынан жылу тұтыну көлемі өсті. Екіншіден, көпқабатты үйлерде ортақ есептегіш құралдары жоқ болса, төлем норматив бойынша есептеледі.
Ал мұндай есептеу нақты шығыннан жоғары болып шығуы мүмкін. Үшіншіден, түбіртектегі соңғы сомаға тарифтің өзінен бөлек қосылған қосылған құн салығы да әсер етеді.
Қысқасы, сәуірден бастап коммуналдық салада жаңа кезең басталғалы тұр. Әзірге халыққа ең маңыздысы – тариф бірден емес, кезең-кезеңімен өзгеруі мүмкін екенін түсіну. Бірақ жазға қарай төлем түбіртектеріндегі сандарға жұрт бұрынғыдан да мұқият қарай бастайтыны анық.
Осыған дейін оқырмандарымыз «Мопедке салық бар ма» деп сұраған еді. Сол сұраққа жауап берілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







