Мәжілістегі Amanat фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев республикалық бюджеттің орындалуына қатысты сын айтты. Оның пікірінше, Үкіметтің қазіргі қаржы саясаты ел экономикасына қауіп төндіріп отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.
Депутаттың айтуынша, Ұлттық қордан алынатын қаржының көлемі шектен шықты. Былтыр бұл көрсеткіш 5,6 триллион теңге болса, биыл 5,3 триллион теңге тағы алынбақ.
«2024 жылы бюджеттің төрттен бірі, ал 2025 жылы тағы да 23 пайызы Ұлттық қор есебінен қаржыландырылады екен. Жыл сайын қайталанып жатқан қауіпті үрдісті тоқтату қиынға соғады. Осы жағдай қатты алаңдатады», – дейді ол.
Бейсенбаев Ұлттық қордан алынған қаржы қазіргі бюджет тапшылығын уақытша жапқанымен, болашақта әлеуметтік жобалардың тоқтауына, инфрақұрылымдық міндеттердің аяқсыз қалуына әкеп соқтыратынын ескертті.
Екінші өткір мәселе азық-түлік бағасының күрт қымбаттауы. Депутаттың пікірінше, ресми статистика мен өмірдегі шындықтың арасы тым алшақ.
«Үкімет жыл сайын азық-түлік бағасы небәрі 7-8 пайызға өсті деп хабарлайды. Алайда нақты жағдайда биыл тек картоптың өзі 2,5 есе қымбаттады. Яғни 500 теңгеге дейін жетті, кейбір дүкендерде 550 теңгеден сатылуда. Бұған дейін халық 1 500 теңгелік қызанақ пен қияр бағасына таң қалса, қазір оған да бой үйреніп кетті», – деп нақтылады депутат.
Сонымен қатар, Бейсенбаев Үкіметтің жалақы туралы дерегіне де сенбейтінін айтты. Ресми статистика бойынша орташа жалақы 423 мың теңге (830 доллар) делінгенімен, халықтың басым бөлігі әлдеқайда аз табыс табады.
«Еліміздегі үш миллионға жуық адам бар болғаны 200 мың теңгеге өмір сүрсе, тағы 1,8 миллион азамат ең төменгі жалақы 85 мың теңгемен күн көруге мәжбүр. 15 жылдан бері жұмыссыздық көрсеткіші 5 пайыз деп көрсетіліп келеді. Бірақ шын мәнінде елдегі 10 миллион еңбекке қабілетті адамның нақты әрі тұрақты жұмыспен қамтылғаны 5,5 миллион ғана. Қалған адамдардың тағдыры белгісіз күйде қалды», – деді депутат.
Ол пандемия кезіндегі 42 500 теңге көмек алған 4,5 миллион азаматтың әлі күнге дейін тұрақты жұмысы жоқ екенін атап өтті. Бейсенбаев осыны бюджет пен экономикалық саясаттың кемшілігі деп санайды.
«Салықтық кірісіміз 13,5 трлн теңге, ал шығысымыз 25,7 трлн теңге. Яғни, жыл сайын тапқан табысымыздан екі есе артық қаржы жұмсаймыз», – деді ол.
Бұдан бөлек, халықтың банктерге қарызы да алаңдатарлық деңгейге жетті. Қазір ел азаматтарының банк алдындағы жалпы қарызы 25 трлн теңгені құрайды. Бұл сома мемлекеттің бүкіл жылдық бюджетіне тең.
«Қысқаша айтқанда, біз қазір қарызға өмір сүріп жатырмыз», – деп атап өтті депутат.
Сондай-ақ, Бейсенбаев Еңбек министрлігі бюджетінің 96 миллиард теңгеге қысқарғанын сынға алды. Оның айтуынша, осы қаржыға мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілетін жәрдемақыны 20 пайызға көтеруге немесе 100 мың ерекше баланы қамтитын оңалту орталықтарын салуға болар еді.