Қазақстанда халықаралық ғылыми конкурстарда жеңіске жеткен оқушылар мен оларды дайындаған ұстаздарына бір реттік ақшалай сыйақы беру жүйесі енгізілді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді. Жаңа бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл халықаралық ғылыми жарыстарда жүлделі орындарға ие болған оқушылар мен оларды дайындаған ұстаздарға бір реттік ақшалай сыйақы тағайындалады», – деді министр.
Оның айтуынша, өткен аптада бұл бастаманы іске асыру туралы бұйрық бекітілген.
Енді халықаралық конкурстарда 1-ші, 2-ші және 3-ші орын алған оқушыларға берілетін сыйақы көлемі 2 миллионнан 6 миллион теңгеге дейін болмақ.
Жеңімпаздарды дайындаған мұғалімдер де назардан тыс қалмайды. Оларға негізгі жалақысының 8,5-тен 18,5 есеге дейінгі мөлшерінде бір реттік сыйақы қарастырылған.
«Бастама дарынды оқушылар мен олардың ұстаздарына мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі. Осындай қолдау арқылы білім мен еңбекті әділ бағалап, ұстаздардың абыройын арттыруды көздеп отырмыз», – деді министр Сүлейменова.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







