Түркістан қаласында өткен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік жәрмеңкесі халықтың көңілінен шығып, көптің ризашылығына бөленді. Қарапайым жұрт үшін азық-түлік бағасының әр теңгесі маңызды екені жасырын емес. Әсіресе соңғы жылдары нарықтағы қымбатшылықтың белең алғанын ескерсек, мұндай шаралардың әлеуметтік салмағы орасан, – деп жазады Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жәрмеңкеге қатысқан жергілікті кәсіпкерлер ет-сүт өнімдерін, күнделікті тұтынатын тауарларды нарықтағы бағадан 30-50 пайызға төмен бағамен ұсынды.
Жәрмеңкенің басты ерекшелігі өнімдердің тікелей өндірушіден тұрғынға жеткізілуі. Делдалсыз сауда жасау арқылы әрі баға төмендейді, әрі сапаға кепілдік артады. Шаруалар да ұтты: өнімдері өтімді болды, ал тұтынушы да ұтты – арзан әрі сапалы азық-түлік алды. Осылайша, жәрмеңке ауыл мен қаланы байланыстырып, өндіруші мен тұтынушы арасындағы алтын көпірге айналды. Мұндай тәжірибе тек бағаны тұрақтандырумен шектелмей, жергілікті экономиканы дамытуға да серпін береді.
Лаура Жанасбаеваның айтуынша, тұрақтандыру қорының өнімдері әрқашан төмен бағада сатылуда. Бұл – мемлекеттің нақты қамқорлығы мен әлеуметтік саясатының көрінісі. Халық күнделікті тұтынатын азық-түлікті арзандау бағамен алып, тұрмысына жеңілдік сезінеді. Әсіресе көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлер үшін мұндай шаралардың маңызы ерекше. Бұл – халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтерудің тиімді жолдарының бірі.
Жәрмеңкеге келген тұрғындардың қуанышты жүздері көп нәрседен хабар береді. Әр адам өзіне қажетті тауарды арзанға алғанына қуанып, ұйымдастырушыларға алғысын білдіруде. Мұндай шараның тұрақты түрде өткізілуі – халық үшін үлкен жеңілдік болары сөзсіз. Алдағы күндері мұндай жәрмеңкелерді аудан кәсіпкерлерімен бірлесіп өткізу жоспарланғаны да халыққа жағымды жаңалық. Бұл – тек Түркістанда ғана емес, бүкіл елге үлгі болатын бастама.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік жәрмеңкелері – қоғамның ең әлсіз топтарына қолдау көрсетудің нақты механизмі. Қымбатшылық қысқан заманда мемлекет пен жергілікті кәсіпкерлердің осындай қадамдары халықтың көңілін сергітіп, сенімін арттырады.