АҚШ Иранға қарсы әскери операцияны бастарда шектеулі әрі нақты мақсатты көздеп отыр және күшпен режимді ауыстыруды мақсат етпейді. Осылай деп АҚШ қорғаныс министрінің орынбасары Элбридж Колби Сенатта өткен тыңдауда мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Дегенмен ол Иранның рухани көшбасшысы Әли Хаменеидің қаза табуына қатысты тікелей пікір білдіруден бас тартты. «Мен тек америкалық әскери операцияның мақсаттары туралы айтып отырмын. Аталған әрекеттер Израильдің операциясы», – деді Колби Сенаттың қарулы күштер комитетінде.
Қазір Трамп әкімшілігі соғыстың негізгі жауапкершілігін Израильге ысыруға ұмтылуда.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың айтуынша, АҚШ Иранға соққы жасауды Израильдің жоспарланған әрекетіне жауап ретінде алдын ала қабылдаған.
«Егер біз алдын ала әрекет етпесек, Израиль шабуыл жасағаннан кейін АҚШ әскерилерінің шығыны әлдеқайда жоғары болар еді. Содан кейін біз неге алдын ала шара қолданбадық деп сұрақтарға жауап беріп отырар едік», – деді Рубио журналистерге берген сұхбатында.
Алайда…
Axios басылымына сұхбат берген израильдік шенеуніктер мұнымен келіспейді. Олар Израильдің шабуыл операциясын іске асыруы тек Трамптың жеке мақұлдауымен ғана мүмкін болғанын атап өткен. «Егер Трамп келіссөздерді жалғастыруды қалаған болса, шабуыл кейінге қалдырылар еді», – дейді израильдік дереккөздер.
Пентагон басшысы Пит Хегсеттің «бұл режимді ауыстыру соғысы емес, бірақ режим шынымен де ауысып жатыр» деген екіұшты мәлімдемесі жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді.
Сонымен қатар Трамптың ирандықтарға қарата «өз үкіметтеріңді өз қолдарыңа алыңдар» деп шақыруы АҚШ-тың шынайы ниеті туралы күмәнді күшейтіп отыр.
Элбридж Колби Сенатта «АҚШ-тың әрекеті халықтың бастамасына сүйенетін болғандықтан, оны басқа елдердің ішкі ісіне араласу деп қарастырмау керек» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, америкалық әскердің басты міндеті Иранның зымыран бағдарламасы мен әскери-теңіз күштерін залалсыздандыру.
Дегенмен режимді ауыстыру әрекеттері жалғасуда. Сейсенбі күні Израиль Иранның Жоғарғы кеңесінің отырысына әуеден соққы жасап, елдің жаңа рухани көшбасшысын таңдау үшін жиналған билік өкілдеріне шабуыл жасады.
«Израиль шабуылды олар жаңа рухани көшбасшыны таңдап жатқан сәтте жасады», – деді Израильдің жоғары лауазымды шенеунігі Fox News арнасына.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







