Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың жазасы бас бостандығын шектеуге ауыстырылды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Атырау қаласының №2 соты 16 наурыз күні пробация қызметінің өтінішін қарады. Осыдан үш жыл бұрын Хаменованың жазасын өтеу мерзімі кішкентай баласының болуына байланысты 10 наурыз 2026 жылға дейін кейінге шегерілген еді.
Соттың хабарлауынша
осы кезеңде Бақытгүл Хаменова қоғамдық тәртіпті бұзбаған, әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған, бала тәрбиесі бойынша міндеттерін орындаған. Аталған жағдайларды ескеріп, сот пробация қызметінің өтінішін қанағаттандырды.
Хаменованың өтелмеген жазасы 7 жылдық бас бостандығын шектеуге ауыстырылып, пробациялық бақылау мерзімі сол күйінде сақталды.
Контекст
Бұған дейін, 2022 жылдың 15 қарашасында дәл осы сот Бақытгүл Хаменованы Атырауда Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнату жобасына қатысты 4,5 млн теңге көлемінде пара алды деген айыппен кінәлі деп тауып, оған 7 жыл түрме жазасын және мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойы тыйым салу жазасын тағайындаған. Сонымен қатар оның мүлкі тәркіленген.
Хаменова өзіне тағылған айыпты мойындамады және сот үкіміне апелляция берді. Алайда сот үкімді өзгеріссіз қалдырған болатын.
Сот үстінде экс-шенеунік: «Мен бе, мен Назарбаевтың жақтаушымын. Мен Елбасын жақсы көремін және оның еңбегі туралы айтуды тоқтатпаймын. Барлық кінәм осы!», — деп желіні шулатқаны есімізде.
Істі болмай тұра, Хаменова «Нұр Отанның» мәжілісінде «Елбасындай ерен тұлға тұрғанда, Мен елімнің ертеңіне сенемін…» деген мақтау өлеңмен тарихта қалған.
2025 жылдың қазан айында Хаменованың тойда жүрген видеосы әлемжеліде тарады. Бас прокуратура оның бұл іс-әрекетін заңды деп таныды, себебі пробация мерзімі ішінде мұндай шараларға қатысуға шектеу қойылмағанын хабарлады.
Айтқандай, бұған дейін біз Шымкенттің тарихи цитаделіне қатысты жемқорлық фактілерін жария еткен едік. Ғимаратты жөндеуге және археологиялық қазба жұмысына бюджеттен бөлінген 2,7 млрд теңгенің қайда кеткенін қала билігі білмей отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







