Қытайдың Ханчжоу қаласындағы сот жасанды интеллект кесірінен жұмыстан босатылған қызметкердің пайдасына шешім шығарды, деп жазады Ertenmedia.kz.
TechSpot мәліметінше, Чжоу есімді қызметкер Ханчжоудағы технологиялық компанияда сапаны бақылау бөлімін басқарған. Ол жылына 300 мың юань (шамамен 44 мың доллар) табыс тауып жүрген. Кейін компания жасанды интеллект (ЖИ) жүйесі жетілгендіктен, оның қызметі қажет емес деп санап, төмен жалақылы басқа жұмыс ұсынған. Чжоу одан бас тартқан соң, компания оны жұмыстан шығарған.
Чжоу сотқа жүгініп, алдымен арбитражда, кейін аудандық сотта жеңіске жеткен. Компания апелляция бергенімен, Ханчжоу аралық халық соты бұрынғы шешімдерді күшінде қалдырды. Сот компания ұсынған себептің заңға қайшы екенін, қызметкерді басқа жұмысқа ауыстыру және жалақыны күрт төмендету әділетсіз болғанын атап өтті.
Заңгерлер бұл шешімді Қытайдағы еңбек нарығы үшін маңызды сигнал деп есептейді. Соттың ұстанымы бойынша, компаниялар ЖИ-ды желеу етіп, қызметкерді заңсыз жұмыстан шығара алмайды. Еңбек заңнамасы сақталуы тиіс және қызметкерге лайықты балама жұмыс ұсынылуы қажет.
Бұл іс Қытайда ЖИ-дың еңбек нарығына әсері туралы кең талқылаудың бір бөлігіне айналды. Сот шешімі технологиялық прогресс адам құқығын бұзбауы керек екенін және компаниялар өз пайдасы үшін қызметкерді негізсіз қысқарта алмайтынын көрсетіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







