Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметтен өз еркімен кеткенін мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
ОКҚ брифингінде журналистер облыс әкімінен Аслан Қасымбаевтың отставкаға кету себептерін сұрады. Әкімнің сөзінше, Қасымбаев өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазған.
«Ол берілген өтініш негізінде жұмыстан шығарылды», — деп жауап берді Сұлтанғазиев.
Айта кетейік, 15 қазанда Талғар қаласының әкімі Қуатбекұлы Бахыт Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылды.
Еске салайық, 4 қазанда түнде Талғарда 16 жастағы жасөспірім өлтірілді. Қайғылы оқиға болған күні Шерзат Болат дүкенде жұмыс істейтін әкесіне көмектескен.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Қазіргі таңда кінәлі деп танылғандар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Сонымен қатар, Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шалқаров төбелестен кейін қанша қару тәркіленгенін айтты.
Кейінірек Алматы облысы прокурорының орынбасары мен Талғар ауданының прокуроры қызметінен босатылды.
Сонымен қатар, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы, Хасан Қасымбаевтың ағасы Аслан Қасымбаев қызметінен кетті.