Ақтауда жүрегіне ота жасатқан науқастың жақындары дәрігерді ауыр қылмыс жасады деп айыптап отыр. Олардың айтуынша, хирург операция үстінде науқастың бауырын әдейі жарақаттаған.
Қазір пациенттің жағдайы ауыр, ол жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.
Оқиға тамыз айының басында Маңғыстау облыстық ауруханасында болған. Науқас жүрек дертімен емханаға түскен.
Ота жасау кезінде хирургтың қолы басқа ағзаға тиіп кетіп, науқас екі литр қан жоғалтқан.
Алайда зардап шеккен азаматтың отбасы мұны дәрігердің кәсіби қателігі емес, қасақана әрекеті деп санайды. Олар бұл мәселені айтып, президентке арнайы бейнеүндеу жолдаған.
Отбасының адвокаты Мейірман Шекеевтің айтуынша, хирург отаны эмоцияға беріліп жасап, науқасқа әдейі ауыр зақым келтірген.
«Науқас ауруханаға тамыздың басында жүрек ауруымен түскен. Операция үстінде хирург оның бауырын тіліп жіберген. Нәтижесінде пациент екі литр қан жоғалтты. Бұл ақпаратты бізге сол сәтте маңында болған куәгерлер жеткізді. Мен ауруханаға барып, басшылықпен сөйлескім келді, алайда олар орындарында болмай шықты. Тағы бір таңғаларлығы, операция залында бейнебақылау камерасы орнатылмаған екен. Дәрігердің әлгі әрекеті немқұрайлық емес, қасақана жасалған қылмыс», – дейді адвокат Шекеев.
Адвокат осы мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрінің алдына барғалы отыр.
«Ақмарал Әлназарова, пациенттің өкпесін абайсызда емес, қасақана жыртып, бауырын тілгілеген дәрігердің әрекетін сіздер қалай саралайсыздар? Бұл не салғырттық па, әлде адам өлтіруге оқталу ма?», — дейді министрге үн қатқан Мейірман Шекеев.
Пациенттің туыстары арыз түсіргеннен кейін полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Аурухана басшылығы да тергеудің жүріп жатқанын растады.
«Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы 2-бөлігі (медициналық міндеттерін тиісті деңгейде орындамау) бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Қосымша ішкі тексеріс те басталды. Науқас жансақтау бөлімінде жатыр», – деп хабарлады аурухананың баспасөз қызметі.
Дәрігерлердің мәліметінше, пациенттің жағдайы әлі де ауыр болғанымен, жалпы алғанда оңалу белгілері байқалуда.
Мейірман Шекеев өз кезегінде, тексеріс біткенше, жемқорлықтың алдын алу үшін Маңғыстау облыстық ауруханасының басшыларын жұмыстан шеттетуді сұрап отыр.