Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық әріптестік қарқын алып, қытайлық капитал Алматы қаласы мен өңіріндегі жобаларға ерекше назар аудара бастады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Қазанның 19-23 аралығында Хубэй провинциясы мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиясынан келген инвесторлар Алматы және Қонаев қалаларының экономикалық әлеуетімен танысты. Делегация құрамында электроника, медициналық құрал-жабдық, жылжымайтын мүлік пен инновациялық өндіріс салаларында жұмыс істейтін он шақты компания өкілі бар.
«Everest Capital Invest Group» шақырған қытайлық кәсіпкерлер алдымен Алматының инфрақұрылымдық дамуымен танысып, Қонаев қаласындағы қазақстандық-қытайлық бірлескен «Самұрық» тұрғын үй кешенінің құрылысын аралады. 11,6 гектар аумақты қамтитын бұл ірі жоба 2029 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Алматы әкімдігімен өткен кездесуде инвесторлар өңірдегі тұрғын үй, туризм, қатты қалдықтарды қайта өңдеу және экологиялық жобалар бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екендерін білдірді.

Әсіресе, қоқыс өңдеумен айналысатын «Green Recycle» зауытының тәжірибесі қытайлық кәсіпкерлердің назарын аударды. Тәулігіне 1100 тонна тұрмыстық қалдық өңдейтін кәсіпорынмен бірлескен жаңа жобаларды бастау мүмкіндігі талқыланды.
«Алматы Бас жоспары» институтында өткен қорытынды кездесуде қалаға смарт-технологиялар, цифрлық урбанистика мен жасанды интеллект саласындағы ірі компанияларды тартудың қажеттілігі айтылды.
«Everest Capital Invest Group» басшысы Айбек Ахмет Қытай провинцияларымен әріптестікті кеңейтіп, Қазақстан экономикасына экологиялық және инновациялық өндіріс үлгілерін енгізуді жалғастыратынын жеткізді.
Хубэй делегациясы сапар қорытындысы бойынша Алматы өңірімен нақты жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін растады. Қытайдың Қазақстанға салған инвестиция көлемі 2 трлн доллардан асып, АҚШ пен Еуропаның дәстүрлі басымдығын ығыстыра бастаған. Бұл Қазақстанның экономикалық бағытын айқындайтын маңызды көрсеткіш.

