ERG (Eurasian Resources Group) Қазақстан бюджетіне рекордтық көлемде – 365 миллион доллар дивиденд төледі деп хабарлайды Ertenmedia.
Бұл 2013 жылы компания Лондон қор биржасынан кеткеннен бергі мемлекетке жасаған ең ірі төлем. Мұндай ауқымды ақша аударымы ел ішінде ERG-дің болашағы туралы жүріп жатқан алып-қашпа әңгімені сап тыйып және акционерлер арасындағы тартысқа қарамастан, компанияның ұлттық экономика үшін маңыздылығын дәлелдеп отыр.
ERG-дің мемлекетке аударатын төлемі бұған дейін де аз болған жоқ.
Компанияға қарасты құрылымдардың салықтық аударымдары тек соңғы бір жыл ішінде ғана 312 миллиард теңгеге жеткен. Ал 2015 жылдан бастап ERG бюджетке 109 миллиард теңге салық төлеген.
Биылғы 365 миллион доллар дивидендтің түсуі былтыр қабылданған жаңа даму стратегиясының жемісі. Осы стратегия аясында компания өндірістік қуатын кеңейтіп, инвестициялық белсенділігін арттырған.
ERG елдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін де маңызды ойыншы. Мәселен, «Шұбаркөл көмір» кәсіпорны Қазақстанның коммуналдық-тұрмыстық секторындағы көмір қажеттілігінің 25%-ын өтеп отыр.
Сонымен қатар, Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты, «Қазақстан алюминийі», «Қазхром» сияқты кәсіпорындарында мыңдаған қазақстандық еңбек етеді.
Компания төңірегінде соңғы кездері түрлі дау-дамай мен ақпараттық интрига да көбейген.
Биыл наурызда Bloomberg агенттігі ERG акционерлері арасында қаржылық активтерді сату туралы келіспеушіліктер бар екенін хабарлаған еді.
Ақпаратқа сәйкес, Александр Машкевич пен Патох Шодиев өздерінің банк, сақтандыру және брокерлік активтерін 1 миллиард долларға бизнесмен Тимур Турловқа сатуға ниет білдірген. Алайда Шухрат Ибрагимов бұл келісімге қарсы шығып, сот арқылы мәмілені бұғаттап тастаған.
Көп ұзамай, Александр Машкевич өмірден өткен соң бір ай ішінде тағы бір жаңалық тарады. Reuters агенттігі америкалық кәсіпкер Джеймс Кэмеронның ERG-ді сатып алуға мүдделі екенін хабарлады. Дегенмен дәл сол күні ERG баспасөз қызметі компанияның сатылмайтынын ресми түрде мәлімдеді.
«Компания басшылығы ERG-дің тұрақты дамуын жалғастыра береді. Бизнесті жүргізуде өзгеріс жоқ, өндірістік қуатты арттыру және инвестицияларды ұлғайту стратегиясы жалғасады», – деп атап өтті ERG өкілдері.
ERG басындағы қазіргі өзгерістердің орталық фигурасы 39 жастағы Шухрат Ибрагимов. Ол топтың негізін қалаған Алиджан Ибрагимовтың ұлы әрі ERG директорлар кеңесінің төрағасы.
Қазір оның ERG-дегі үлесін арттыру мақсатында серіктестерінің акцияларын сатып алуға әрекет етіп жүргені жайлы Financial Times басылымы жазған болатын. Ақпарат көздерінің айтуынша, Машкевич пен Шодиев отбасылары өз акцияларын 1,8 миллиард долларға бағалап отыр, бірақ Ибрагимов бұл соманы төмендетуге күш салуда.
Financial Times-тың дерегінше, Қазақстан үкіметі де ERG акцияларының негізгі иесі ретінде Шухрат Ибрагимов сияқты Қазақстан азаматы болғанын қолдайды деген болжам айтылған.
Шухрат Ибрагимов соңғы жылдары іскерлік қабілетімен де көзге түсті.
Мысалы, былтыр күзде ол ешбір шу шығармай-ақ «Шұбаркөл премиум» компаниясының 50%-ын сатып алды. Қалған 50%-ын бизнесмен Кеңес Рақышев иеленген. Осылайша Қарағанды облысындағы Шұбаркөл кенішіндегі көмір өндіру саласында Ибрагимов отбасының ықпалы күшейген.
Ибрагимов тек өнеркәсіп саласымен шектелмейді, ол ғарыш индустриясына да инвестиция салған. Eurasian Space Ventures (ESV) Қазақстандағы алғашқы жекеменшік ғарыш компаниясы. ESV спутнигі Илон Масктің SpaceX Falcon 9 зымыранымен ұшырылған.
Сонымен қатар Шухрат Ибрагимов «Спарта» атты қайырымдылық қоры арқылы да танымал. Қор ДЦП және эпилепсиямен ауыратын балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетумен айналысады.
Forbes басылымының 2025 жылғы дерегінше, Ибрагимовтар отбасының байлығы 2 миллиард долларға бағаланады. Олар ERG-дің 20,7% акцияларына иелік етеді.
Қазіргі кезде ERG басшылығы ауысқанымен, компания өзінің әлеуметтік және экономикалық міндеттемелерін толық орындап отыр. Соның дәлелі мемлекетке төленген рекордтық 365 миллион доллар дивиденд. Бұл төлем Шухрат Ибрагимовтың басқару кезеңінің сәтті бастамасы ма, әлде алдағы үлкен өзгерістердің алдындағы тыныштық па оны уақыт көрсетеді.