Маңғыстау облысының экология мамандары Ақтаудағы жағымсыз иіс қайдан шыққанын әлі де анықтай алмай жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұған дейін жергілікті тұрғындар 15 желтоқсан күні түнгі 23:00 шамасында қала ауасын өткір әрі тұншықтыратын иіс басқанын айтқан болатын. Олардың сөзінше, ауада мұнай өнімдеріне ұқсас иіс қатты сезілген.
16 желтоқсанда Маңғыстау облысының экология департаменті табиғат қорғау прокуратурасымен бірлесіп, қала және оған жақын елді мекендердегі атмосфералық ауаның сапасын тексеруге кірісті.
Мамандар ауа сынамаларын «Рекон-Ақтау», «Oil Transshipment», «ҚазАзот» кәсіпорындарының, «КАЗпол» ЖШС аумағы мен 6/114 өндірістік аймағында жүргізді.
Экология департаментінің мәліметінше, зертхана нәтижелері бойынша алынған сынамаларда ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асу деректері анықталмаған. Қазір мониторинг жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұған дейін Маңғыстау облысында құны 300 млн доллар болатын жаңа теңіз портының құрылысы басталатынын хабарлаған едік.
Қилыбайдың қытай келісімі: Ақтау арқылы Еуропаға жететін жүк

