Іле ауданында заманауи қойма кешені іске қосылды. Бұл нысан тек жергілікті экономиканың дамуына ғана емес, бүкіл Алматы облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға да ықпал етпек, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Damu Logistics аумағында, Байсерке ауылында салынған нысанның салтанатты ашылуына аудан әкімі Қайыржан Жақсымбетов қатысты.
– Халықаралық стандарттарға сәйкес салынған «А» санатындағы жаңа кешеннің жалпы аумағы 13 мың шаршы метрді құрайды. Оның жұмысы жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірістік қуаттылықты ұлғайтуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді, – деді аудан әкімі.
Қойма автокөлік қосалқы бөлшектерін Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне жеткізумен айналысатын East Motors компаниясына тиесілі. Жаңа нысанның іске қосылуы компанияға Еуропа, Ресей және Таяу Шығыс елдеріне экспорт көлемін арттыруға жол ашады.
– Мұндай инфрақұрылымдық нысандардың пайда болуы Іле ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына зор серпін беріп, кәсіпкерлік әлеуеттің тұрақты өсіп келе жатқанын айқын көрсетеді, – деп атап өтті Қайыржан Жақсымбетов.