Бүгіннен бастап қазақтар әйгілі Starlink спутникті интернетіне қосыла алады деп жазады Ertenmedia.
Цифрлық даму министрлігі америкалық миллиардер Илон Маскқа тиесілі компаниямен келісім жасасып, қызмет ресми түрде іске қосылды.
Маусым айында министрлік пен Starlink Қазақстан заңнамасын сақтау жөнінде келісімге қол қойған.
Министр Жаслан Мәдиевтің айтуынша, технология ел аумағындағы байланысқа қол жеткізу қиын шалғай ауылдарға, жайылымдық аймақтарға және алыс орналасқан өндірістік нысандарға тұрақты интернет әкеледі.
«Starlink технологиясы шалғайдағы елді мекендерге тұрақты әрі сапалы интернет ұсынуға мүмкіндік береді. Қазақстандықтар енді спутниктік интернетті ресми әрі заңды түрде пайдалана алады», – деді министр.
Осы күнге дейін Starlink Қазақстанда пилоттық жоба ретінде, негізінен ауыл мектептерінде сынақтан өткен болатын. Енді жоғары жылдамдықтағы интернет қызметіне мұқым ел азаматтары қол жеткізе алады.
Starlink қызметінің тарифтері мен қосылу шарттары SpaceX компаниясының starlink.com ресми сайтында жарияланды.