Қазақстандық блогер «Ильярчик» лақап атымен танылған Ильяр Ювашев заңсыз онлайн-казино ұйымдастыруға атсалысты деген күдікпен халықаралық іздеуге жарияланды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаржы мониториң агенттігінің мәліметінше, 1998 жылы туған Ильяр Ювашев 2024-2025 жылдар аралығында Қазақстан аумағында заңсыз жұмыс істеген mellstroy.game интернет-казино желісін құруға және басқаруға қатысқан.
«Ақша айналымын заңдастыру және төлем операцияларын жасыру үшін 22 жалған компания тіркелген. Сондай-ақ POS-терминалдар мен электрондық төлем құралдары пайдаланылып, ойыншылардан жалпы сомасы 3,6 миллиард теңгеден астам қаражат түскен», – делінген ресми хабарламада.
Агенттік іздеудегі адамның орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтарды Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне хабарласуға шақырады. Телефондар: +7 7172 70 84 79 (ішкі нөмірі 21384, кезекші бөлім); Call-орталық: 1458. Ақпарат бергендерге сыйақы және құпиялылық кепілдендіріледі.
Қазіргі таңда…
Осы іске қатысты Беларусь азаматы, танымал блогер Андрей Бурим («Mellstroy») де халықаралық іздеуге жарияланған.
Mellstroy интернет-казиноның танымалдығын арттыру мақсатында әлеуметтік желілерде челлендждер мен конкурстар ұйымдастырған. Қатысушылардан TikTok, YouTube Shorts және басқа да платформаларда mellstroy.game брендін, казино логотиптері мен сайтқа сілтемелерді көрсетіп видеоролик жариялау талап етілген.
Агенттік заңсыз казино қызметінің ел экономикасы мен қоғамға айтарлықтай зиян келтіргенін еске салды. Азаматтардың, әсіресе кәмелетке толмағандардың құмар ойындарға тартылуы, ойынға тәуелділіктің (лудомания) артуы, қаражаттың шетелдік офшорларға кетуі осының айқын дәлелі. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







