Саясаттанушы Уәлихан Төлешов Ресейдің болашағына қатысты болжамдарын айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ол жазушы Борис Акунин, зерттеуші журналист Христо Грозев, сарапшы Леонид Лившицтің айтқан ойларына сүйеніп 2026 жыл Ресей үшін шешуші кезең болатынын атады. Бұл көзқарасты еуропалық және америкалық сараптамалық орталықтар, соның ішінде Atlantic Council де қуаттап отырғанын алға тартты.
Сырттай тұрақтылық, ішкі тозу
Уәлихан Төлешов бұл үдеріс әскери шаршау, экономикалық деградация, кадрлық әлеуеттің сарқылуы жеделдете түсетінін меңзеді.
– Ресей белгілі бір уақытта «нашар, бірақ салыстырмалы түрде тұрақты басқару» режимінде өмір сүре алады. Алайда тарихта жинақталған дағдарыс факторлары мемлекеттерді өте қысқа мерзімде құлатқан мысалдар аз емес. Кеңес Одағы соңғы сәтке дейін сырттай тұрақты көрінді, бірақ жүйе бір мезетте тарқап кетті, – дейді сарапшы.
Саясаттанушы Ресейдің Украинаға қарсы соғысы осы логиканы айқын көрсеткенін алға тартып отыр. 2022 жылдан бері Ресей эйфория кезеңінен өтті, одан кейін абыржу, ұзаққа созылған ішкі кернеу басталды. Қазір әскери өндірістің өсуі тоқтап, майдан шебіндегі ілгерілеу шектелген. Мүмкіндіктер шегіне жетті. «Ресей стратегиялық белгісіздік, тұйыққа тірелу кезеңіне кірді», – дейді Уәлихан Төлешов.
– 2026 жылы бірқатар факторлар қатар келсе, Ресейдің фрагментациялануы әбден мүмкін. Ол үшін міндетті түрде әскери жеңіліс қажет емес. Негізгі қауіп аймақтық бюджет дағдарысы, соғыстағы оқиғалар динамикасы бақылаудан айырылу, элиталық топтар арасындағы ашық қақтығыстар жетіп жатыр. Мұндай жағдайда халықтық көтеріліс те міндетті шарт емес. Ыдырау бір жыл бұрын мүмкін емес көрінеді, ал басталған соң бір айдан кейін заңдылық секілді қабылданады, – дейді сарапшы.
Саясаттанушы халықаралық факторларға да назар аударады. АҚШ-тың Венесуэланы Ресей мен Қытай ықпалынан ажыратуы, Ресейде әскери өндіріс өсімінің тоқтауы, ал Еуропа мен Украинаның әскери әлеуетін күшейтуі жағдайды күрделендіріп отыр.
Соғыстың алғашқы кезеңінде Ресей Иранмен, КХДР-мен, Венесуэламен, Кубамен және өзге де елдермен одақтар арқылы, «сұр аймақтар» мен бюджеттік секірістер арқылы бұл қысымды теңестіруге тырысты. Алайда қазір бұл компенсаторлардың сарқылғаны байқалады. Иран дрон жеткізуді қысқартты, АҚШ Венесуэланы соғыссыз-ақ ықпал аймағынан шығарды. Ал Қытай ашық қолдаудан бойын аулақ салса, Еуропа соғыстан кейінгі Украинаның қауіпсіздігіне кепіл берушіге айналмақшы.
Уәлихан Төлешов осының бәрі Ресей үшін уақыттың «сығылуына» алып келгенін айтады. Маневр жасау, созу, Батыстың бөлінуіне үміт арту мүмкіндігі азайды. Мұндай жағдайда тіпті шағын соққының өзі бюджеттік, әскери немесе персоналдық каскадты үдерісті іске қосуы мүмкін.
Компенсаторлар сарқылған сәт
Оның бағалауынша, 2026 жылы Ресей қайтымды деградациядан қайтымсыз залал жиналатын жүйеге өтуі ықтимал. Бұл 2027 жылға қарай Украина оккупацияланған аумақтардың елеулі бөлігін қайтара бастаған тұста, Ресейдің постимпериялық кезеңге енуімен қатар жүруі мүмкін. Мәскеу күшке деген монополиясын жоғалтып, жекелеген республикалар егемендік туралы мәлімдеме жасауы ықтимал. Еуразиядағы жаңа конфигурация дәл осы сәтте қалыптасуы мүмкін.
Уәлихан Төлешов Қазақстан мен Орталық Азия үшін бұл сценарийдің салдары ерекше маңызды екенін атап өтеді. Оның айтуынша, мұндай жағдайда сыртқы растауды күтудің қажеті жоқ. Орталық биліктің басқару қабілеті жоғалған сәтте әрекет ету керек. Себебі күйреу кезінде халықаралық консенсус та, айқын кепілдіктер де болмайды. Алғашқы 90-180 күн – шешуші кезең. Осы уақытта сыртқы ойыншылар өз шешімдерін күштеп таңуы мүмкін.
Саясаттанушы негізгі қатер тікелей басып кіру емес, қарулы босқындар, автономды күштік топтар мен қылмыстық-әскери құрылымдар екенін айтады. Сондықтан солтүстік шекараның нақты әрі жедел милитаризациясы, ПВО-ны күшейту, мобильді бригадаларды орналастыру, көлік тораптарын бақылау және шекара маңындағы аймақтарда уақытша ерекше қауіпсіздік режимін енгізу қажет болуы мүмкін.
– Қазақстан мен Орталық Азия елдері бір мезгілде бейтараптықты жариялап, шекаралардың мызғымастығын растап, ЕҚЫҰ мен БҰҰ секілді халықаралық миссияларды шақыруы маңызды. Бұл «орыстілділерді қорғау» деген сылтауды жоққа шығарып, қорғаныс шараларын заңдастырады. Сондай-ақ қауіпсіздікке ғана бағытталған, идеологиясыз Орталық Азия Қауіпсіздік Кеңесін, мүмкін болса Әзербайжанмен бірге құру қажеттігі туындайды. Бұл құрылым одақ емес, антикризистік штаб болуы тиіс, – дейді сарапшы маман.
Сарапшы логистиканы шұғыл қайта бағдарлаудың да маңызын атап өтеді. Транскаспий дәлізі, Қытай, Түркия бағыттары басымдыққа ие болуы керек. Солтүстік маршруттар қауіпті әрі ретсіз аймаққа айналуы мүмкін. Аймақтық есеп айырысу тетіктерін құру, ұлттық валюталар мен алтынға сүйенген клирингтік жүйелер банктерді ресейлік токсинді активтерден қорғауға көмектеседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

