Қазақстанда медициналық сақтандыру жүйесінің талаптары жаңарып, бірқатар ауруларға қатысты тегін көмек алу тәртібі жеңілдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Енді азаматтар сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан, ауыр әрі қауіпті ауруларды тексеру мен емдеуге тегін қол жеткізе алады.
Осыған дейін сақтандырылмаған пациенттер тек туберкулез немесе ВИЧ-инфекциясы секілді сирек жағдайларда ғана тегін тексерілуге мүмкіндік алатын.
Ал дәрігерлер онкологиялық ауру не бауыр циррозын күдіктенгенде, сақтандыру мәртебесі болмаса ем алудың жолы жабық болатын. Енді бұл шектеу толық алынып тасталды.
Жаңа талапқа сай, қатерлі ісіктерді, созылмалы вирустық гепатиттер мен циррозды, психикалық ауруларды, сирек кездесетін дерттер мен жүйке жүйесінің ауыр сырқаттарын, сондай-ақ эпилепсия, миокард инфарктісі және инсультті тегін емдеу мен тексеру жолға қойылды. Бұған қосымша, халық арасында жиі кездесетін қауіпті ауруларды ерте анықтау үшін жасалатын скринингтік тексерулер де барлығына тегін жүргізіледі.
Бұдан бөлек…
Осы өзгерістермен қатар, медициналық сақтандырудың ішкі мазмұны да айтарлықтай кеңейді. Енді созылмалы ауруы бар, арнайы есепте тұрған азаматтарға қажет медициналық көмек толықтай сақтандыру пакетіне көшірілді.
Бұл санатқа жүрек аурулары, қан қысымының созылмалы түрлері, қант диабеті, ревматизм, буын мен сүйек аурулары, тыныс алу, бүйрек және ас қорыту жолдарының ауыр сырқаттары кіреді. Олар үшін емхана мен ауруханадағы тексерулер, ем-дом, дәрі-дәрмек толық қамтылады.
Қазір Қазақстанда бір ғана қан қысымы ауруымен 1,5 миллионнан астам азамат есепте тұр. Алайда, дәрігер кеңесін елемей, ауруды асқындырып алатындар аз емес. Соның салдарынан жыл сайын елімізде елу мыңға жуық адам инфаркт немесе инсультке ұшырап, күтпеген жерден үлкен шығынға батуда.
Осындай аурулардың емі өте қымбатқа түседі. Мысалы, инсульт пен инфаркт жағдайларында шығын көлемі 7 миллион теңгеге дейін жетсе, диализ процедурасының бір жылдық құны 5 миллион теңгенің үстінде. Мұндай қаражатты кез келген отбасының қалтасы көтермейді.
Медициналық сақтандыру жүйесінің басты мақсаты азаматтарды осындай күтпеген қаржылық қиындықтардан қорғау. Бір жылдық төлемі 51 мың теңгенің айналасында болатын сақтандыру жарнасын төлеп, кез келген тұрғын емнің толық спектріне қол жеткізе алады.
Сақтандыру қоры мамандарының айтуынша, ауыр және созылмалы аурулармен ауыратындардың басым көпшілігі онсыз да мемлекет тарапынан сақтандырылған. Олар әлеуметтік жеңілдікке ие топтардың құрамына кіреді. Ал 2026 жылдан бастап сақтандырылмаған азаматтардың бір бөлігін жергілікті билік органдары өз есебінен қамти бастайды. Қалған экономикалық белсенді топтар сақтандыру жарнасын ерікті түрде төлеуге ынталандырылады.
Контекст
Өзгерістер өткен жылдың жазында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жаңа заң аясында іске асып отыр. Алдағы уақытта Қазақстан медицинасы толығымен сақтандыру моделіне көшіп, әрбір азамат кепілді медициналық көмекті еш кедергісіз ала алатын деңгейге жетуі тиіс.
Тісіңіз бен ішіңіз ауырмасын. Бұған дейін біз еліміздегі дәрі-дәрмек бағасы Батыс елдерін қуып жеткенін жазған едік.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

