Қазақстанда инфляцияның баяулауы зейнетақы жинағының табыстылығына оң әсер етуі мүмкін деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сарапшылардың пайымынша, баға өсімінің тежелуі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры активтерін қайта бағалауға жол ашып, салымшылар үшін нақты табыстың жақсаруына ықпал етуі ықтимал. Мұндай өзгеріс сәуір айындағы ЕНПФ көрсеткіштерінен-ақ аңғарылуы ғажап емес.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне қарағанда, 2026 жылдың наурыз айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы жылдық инфляция 11 пайызға дейін төмендеген. Қаңтарда көрсеткіш 12,2 пайыз болған еді. Ал 2026 жылғы 1 наурыздағы мәлімет бойынша, Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 25,87 триллион теңгеге жеткен.
Qazaq Expert Club қаржыгері Саида Тілеуленованың түсіндіруінше, инфляцияның төмендеуі зейнетақы активтерінің табыстылығына тікелей ықпал етеді. Оның айтуынша, ең әуелі пайыздық мөлшерлемеге түсетін қысым бәсеңдейді.
Баға өсімі баяулаған жағдайда Ұлттық банк алдағы кезеңде ақша-кредит саясатын жұмсартуға кеңірек мүмкіндік алады. Ал мұндай ахуал БЖЗҚ портфелінің едәуір бөлігін құрайтын облигация бағасының өсуіне әкеледі. Соның есебінен қордағы бұрын сатып алынған қағаздардың құны қайта көтеріліп, оң қайта бағалау қалыптасады.
БЖЗҚ дерегіне сүйенсек, 2025 жылдың өзінде теңгедегі қаржы құралдарының теріс қайта бағалануы 500,7 миллиард теңгені, ал шетел валютасындағы активтер бойынша 166,1 миллиард теңгені құраған. Енді инфляцияның баяулауы мен тәуекелі төмен активтер кірістілігінің түсуі осы үрдісті кері бұрып, актив құнының шамалас көлемде өсуіне түрткі болуы мүмкін.
Тағы бір маңызды жайт…
Нақты табыстың жақсаруы. Инфляция 12 пайыз тұрған жағдайда 10–12 пайыздық номиналды кіріс салымшыға айқын сезіле бермейді. Ал баға өсімі 8–9 пайызға дейін түскен кезде сол табыстың өзі нақты плюсқа айнала бастайды. Яғни, қағаз жүзіндегі кіріс пен күнделікті өмірдегі нәтиже арасындағы алшақтық қысқарады.
Дегенмен сарапшылар уақытша шектеу болуы мүмкін екенін де ескертеді. Мәселен, теңгенің күшеюі немесе оның құбылмалылығының азаюы қор портфеліндегі валюталық бөлікке қысым түсіруі ықтимал. Себебі БЖЗҚ активтерінің шамамен 30–35 пайызы шетел валютасында сақталған.
Саида Тілеуленованың сөзінше, жалпы алғанда инфляцияның тежелуі облигация құнының өсуіне және зейнетақы жинағының нақты табыстылығының жақсаруына негіз болады. Қарапайым тілмен айтқанда, жоғары инфляция кезінде қор табыс көрсеткендей көрінгенімен, оны баға өсімі жұтып қояды. Ал инфляция төмендеген шақта тіпті орташа кірістің өзі салымшы пайдасына жұмыс істей бастайды.
Оған қоса әлемдік алтын бағасының өсуі де қосымша демеу бола алады. Мұндай үрдіс экспорттық түсімді және елге келетін валюталық ағынды көбейтіп, теңгеге түсетін қысымды біршама жеңілдетуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







