Жанәбіловтер оқиғасынан кейін қазақстандық блогерлердің басына бұлт үйірілгелі тұр, деп хабарлайды Ertenmedia.
Форбысқа сұхбат берген адвокат Жохар Өтебековтың айтуынша, билік блогерлер мен инфлюенсерлердің әрекетін бақылауды күшейтеді. Оның пайымдауынша, осы салада қадағалауды күшейту соңғы екі жылда байқалған үрдістің заңды жалғасы.
«Қазір блогерлердің табысы, көрсетіп жүрген люкс өмірі мен салық төлеуі басты назарда. Мемлекет басшысының өзі де бірнеше мәрте осы мәселеге тоқталған», – дейді заңгер.
Өтебековтің пікірінше, Мәжіліс депутаттарының премьер-министр Бектеновке онлайн-лотерея ұйымдастырушыларының жауапкершілігін қатайту туралы жолдаған сауалы да биліктің блогерлерге берген кезекті ескертуі іспеттес.
«Депутаттар бұл мәселені жайдан-жай көтеріп отырған жоқ. Блогерлерді алдағы уақытта қатаң тексеріс күтіп тұр», – деді сарапшы.
Қазақстанда лотерея өткізу тек мемлекет еншісіндегі сала.
2016 жылы қабылданған заңға сәйкес, мұндай құқық тек «Сәтті Жұлдыз» АҚ мен оның өкілдеріне ғана берілген. Басқаларға лотерея өткізуге тыйым салынған. Тек тауар немесе қызметті жарнамалау мақсатында өткізілетін маркетингтік ұтысқа ғана жеңілдік бар.
Алайда блогерлер мұны өз пайдасына бұрып алған. Заңгердің сөзінше, олардың көпшілігі өнімді насихаттаудың орнына ұтысты табыс көзіне айналдырып, заңға қайшы әрекетке барып отыр.
«Қазір заңсыз кәсіпкерлік туралы сот-тергеу практикасы өзгерді. Егер блогердің лотерея немесе жарнама арқылы тапқан табысы 10 мың АЕК-тен (40 млн теңге шамасы) асса, ол бірден қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мұндай жағдайда 5 жылдан 10 жылға дейін түрмеге қамалуы әбден мүмкін», – дейді Өтебеков.
Соңғы өзгерістердің тағы бір ерекшелігі заңсыз кәсіпкерлік анықталса, блогердің таза пайдасы емес, бүкіл айналымы тәркіленеді. Адвокаттың айтуынша, әкімшілік айыппұлдан сабақ алмай, әрекетін қайталап жүрген блогерлер аз емес. «Штраф төлеп құтылып кетеміз деп ойлайтындар көп», – дейді ол.
Сонымен қатар, заңгер блогерлердің жарнамалық жазбаларды белгілемеу әдеті де қиындық тудыруы мүмкін екенін ескертеді.
«Заңда жарнамалық жазба екенін міндетті түрде көрсету қажет, бірақ оны блогерлер сақтай бермейді», – дейді маман.
Одан бөлек, соңғы кездері блогерлер қаржы пирамидасы мен заңсыз инвестициялық жобаларды жарнамалап, күмәнді әрекетке жиі тартылуда. Бұл да билік назарынан тыс қалмайды.

