26-29 қыркүйек аралығында Чемпиондар лигасы аясындағы алматылық «Қайрат» пен мадридтік «Реалдың» ойынына шетелден 5 мыңнан аса турист келді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Алматы туризм басқармасының e-Qonaq жүйесіне сүйене таратқан мәліметіне сай, қалаға келген жанкүйерлердің басым бөлігі Қытай, Үндістан, Ресей, Жапония, Ұлыбритания, Испания, Чехия, ТМД елдері және өзге де Еуропа мемлекеттерінің азаматтары.
Сарапшылар бұл матчтың қала экономикасына тигізген ықпалы едәуір болғанын атап өтті.
Mastercard дерегі бойынша, Алматыға келген әр шетелдік турист орташа есеппен 1500 доллар жұмсаған. Қонақүйлер, мейрамханалар, көлік және ойын-сауық орындары осының арқасында табысқа кенеліп, шағын және орта бизнес серпін алды.
Жанкүйерлерге жағдай жасау мақсатында бүгін Алматы метросының жұмысы түнгі 01:00-ге дейін ұзартылды. Әсіресе стадионға жақын «Байқоңыр» және «Әуезов театры» станцияларында қосымша қызметкерлер тартылған. Бұдан бөлек, әкімдік 6 бағыт бойынша тегін автобус қатынасын ұйымдастырды.
Матч өтетін Орталық стадион маңындағы ірі көшелер Байтұрсынұлы, сондай-ақ Сәтбаев, Байзақов, Абай, Сейфуллин көшелерінің аумағы жабылды.
Ал испандық «Реал» футбол клубы Алматыдағы InterContinental қонақүйін түгелдей жалға алғаны белгілі болды.
SHOT басылымының хабарлауынша, мадридтік команда ойыншылардың тыныштығын сақтау үшін қонақүйдегі барлық 277 бөлмені 28 қыркүйек пен 1 қазан аралығына брондап қойған. Осы күндері стандартты бөлмелердің бағасы тәулігіне 375 доллар болса, люкс бөлмелер 560 доллар тұрады. Алматыға келген делегация құрамында 40-тан астам адам бар. SHOT есебінше, испан клубы бұл мақсатқа шамамен 510 мың доллар жұмсаған.

