Интерполдың «қызыл бюллетенімен» іздеуде болған Қазақстан азаматы Қайрат Нұрлыбеков Вьетнамнан депортацияланды. Ол Қазақстан құқық қорғау органдарына Камрань халықаралық әуежайында тапсырылды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Vietnamnews дерегінше 49 жастағы Нұрлыбеков Вьетнамның орталық оңтүстігіндегі Кханьхоа провинциясында жалған құжатпен тұрып келген. Оны шетел азаматтарына жүргізілген кезекті тексеріс кезінде жергілікті полиция анықтаған.
Тергеу барысында Нұрлыбеков виза алу және елде тұру үшін жалған ақпарат ұсынғаны анықталды.
Кейінірек тексерістер оның 2025 жылдың мамырынан бері Қазақстанның сұрауы бойынша Интерполдың арнайы «қызыл бюллетенімен» іздеуде екенін растады.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Нұрлыбеков 2023 жылдың аяғынан 2024 жылдың соңына дейін Астанадағы ірі жемқорлық схемасына араласқан негізгі делдалдардың бірі ретінде күдікке ілінген. Бұл схемада сот-медициналық сараптама орталығының жоғары лауазымды тұлғалары мен екі компания басшылары болғаны хабарланды.
Топ мемлекеттік сатып алу аясында химиялық жабдықтар бағасын жасанды түрде 2,5 есеге дейін көтеріп, нәтижесінде ел қазынасына шамамен 5 миллион доллар залал келтірген. Тергеушілер артық қаражаттың топ мүшелері арасында бөліске түскенін мәлімдеді.
Қазақстаннан 2025 жылдың қаңтарында шығып кеткен Нұрлыбеков әуелі Алматыдан Ыстанбұлға ұшып, әрі қарай басқа елдер арқылы Вьетнамға жеткен.
Қазір Нұрлыбеков ел аумағына жеткізіліп, Қазақстан заңы бойынша жауапқа тартылмақ. Ertenmedia осы бойынша Ішкі істерге сауал жолдамақшы.
Айта кетелік, бұған дейін Астана мен Алматыны шулатқан рэкетирлер қолға түскен болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







