Ақордадағы соңғы кадрлық ауыс-түйістерге қатысты ресми түсініктеме берілді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Президенттің көмекшісі әрі баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың айтуынша, тағайындаулар мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін күшейту мақсатында жасалған.
Желдібайдың сөзінше, Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында экономиканы дамыту үшін қосымша инвестиция тартуды басты міндет етіп қойған.
Осы жауапты салаға дипломатиялық тәжірибесі мол Мұрат Нұртілеу бекітіліп, енді ол Президенттің көмекшісі ретінде шетелдік мемлекеттермен және ірі халықаралық корпорация басшыларымен жоғары деңгейдегі келіссөз жүргізіп, инвестициялық ынтымақтастықты ілгерілетуге тікелей атсалыспақ.
Сонымен қатар, Жаслан Мәдиев Премьер-министрдің орынбасары әрі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалды. Оның алдында тұрған негізгі миссия Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру жөніндегі стратегиялық міндетті орындау.
Президент Мәдиевке бұл бағыттағы жұмыстың ерекшеліктерін жеке түсіндірген.
Оған қоса, Премьер-министрдің ұсынысы бойынша Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрі болып бекітілді. Қоғамдық істерге белсене араласқан Сүлейменова білім саласындағы тәжірибесімен танымал.
Желдібайдың айтуынша, соңғы ауыс-түйістер мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған қалыпты ротация.

