Түркістанда «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы жалғасуда. Іскерлік басқосуға отандық және шетелдік инвесторлар мен жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері қатысып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Форум аясында панельдік отырыстар ұйымдастырылып, онда «Түркістан облысының тұрақты дамуына инвестициялар: Өнеркәсіптен Агроөнеркәсіп кешеніне дейін» тақырыбында сессия отырысы өтті. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков форумның маңыздылығын айта келе, облыстың агроөнеркәсіп саласына инвестициялар тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
– Түркістан облысы бүгінде еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірегейі және инвестициялық әлеуеті жоғары мекен. Сонымен қатар облыс аумағы табиғи жер қойнауы мен пайдалы қазба кен орындарына бай. Қазіргі уақытта облыста 210 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілдері жұмыс істейді. Соңғы 6 жылда облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 10,5 млрд. АҚШ долларын құрап отыр. Үкіметтің қолдауымен біз инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз.

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласы бойынша ел көлемінде көш бастап тұрған өңірлердің бірі. Жыл сайын облыста 1 трлн. теңгеден астам өнім өндіріледі. Сонымен қатар жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «Шағын өнеркәсіптік парктер» салынып жатыр. Сіздерді инвестиция алаңында автомобиль, электроника, тұрмыстық техника, құрылыс материалдар, тері және былғары өндірісі, фармацевтика, жеміс, көкөніс және бақша дақылдарын терең өңдеу салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамын, – деді Нұрбол Тұрашбеков.
Панельдік отырыс барысында облыстың транзиттік әлеуеті, өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту, мәселелері талқыланды. Сонымен қатар шикізатты терең өңдеу, жоғары қосылған құны бар өнім өндіру бағытындағы жоспарлар да қарастырылды.
Сессияда Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Бизнестің кеңесі өнеркәсіпшілер комитетінің Пекин жұмыс тобының өкілі — Го Байсян, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры басқармасының төрағасының орынбасары – Мұрат Бапаев, Hanya International Holdings (Hubei) Co., Ltd. компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы – Хуан Чжоурэн, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры – Айтмұхамед Алдажаров, «Цяньфэн» органикалық жүзім өндіретін ауылшаруашылық кооперативінің төрағасы – Ши Сяодун, «Qazindustry» Қазақстан өнеркәсібі мен экспорт орталығының басқарма төрағасы – Берік Бекенов, «Майлы дақылдар өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының» стратегиялық даму жөніндегі атқарушы директоры – Андрей Антонов, «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары – Айдын Досқараев, Eurasia Group Kazakhstan компаниясының FarmSight бағыты бойынша өнім маманы – Арман Ехсанов, WPK Group бизнесін дамыту менеджері – Қайсар Махсұтұлы түрлі тақырыпта баяндама жасап, ұсыныстарын жеткізді.
Спикерлер өңірлік экспортты дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу, майлы дақылдар нарығын дамыту перспективалары мен арнайы экономикалық аймақтардағы инвестициялық мүмкіндіктер туралы пікір алмасып, аталған бағыттарда бірлесе жұмыс істеу шараларын қарастырды.
Айта кетейік, биыл Түркістан облысының ауыл шаруашылығы капиталына 155,6 млрд. теңге инвестиция тартылды. Жалпы өнім көлемі 1 трлн. 207 млрд. теңгеге жетіп, облыс республика көлемінде бірінші орынға шықты. Экспорт көлемі 355,5 млн АҚШ долларын құрады.
Өңірде ет кластерін дамыту бағытында 7 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Сонымен бірге республика көлемінде алғаш рет Түркістан облысында су үнемдеу технологиясымен күріш өсіру жобасы іске асты.
2025 — 2027 жылдар аралығында 78 инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС-гі мақтаны терең өңдеп, дайын өнімді экспорттайтын көпсалалы нысанның құрылысы жүргізілуде.

