Елімізде инвесторлардың құқықтық жағынан қорғалуы мен кепілдіктері заңнамалық тұрғыда күшейді. Бұл – мемлекеттің халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тұрақты бизнес орта қалыптастыруға ұмтылысын көрсетеді.
Келешекті ойласақ, инвесторлардың құқығын қорғау және құқық үстемдігін қамтамасыз етуге бей-жай қарауға болмайды. Өйткені, сот жүйесінің ашықтығын арттыру, әкімшілік кедергілерді азайту және сыбайлас жемқорлықпен жүйелі күрес жүргізу шаралары инвестициялық климаттың жақсаруына және институционалдық сенім деңгейінің артуына ықпал етеді.
Экономикалық зерттеулер институтының Сауда және инвестициялық саясатты дамыту орталығының сарапшысы Жанара Берікқызының айтуынша, бүгінде Қазақстан инвесторларға маңызды қолдау тетіктерін ұсынып отыр. Инвестициялық келісімшарттар, инвестициялар туралы келісімдер, арнайы экономикалық аймақтар түрлі салықтық және кедендік жеңілдік береді.
«Қазақстан инвестициялық климатты жақсарту бағытында тұрақты дамып келеді. UNCTAD деректеріне сәйкес, еліміз инвестициялық реттеуді жеңілдету бойынша әлемде көшбасшылардың қатарында. Бұл — лицензиялаудың цифрлық платформасы мен басым жобалар үшін fast-track тетігін енгізудің нәтижесі деп түсінсек болады. Сонымен қатар, ұлттық көміртек сауда жүйесі (ETS) Қазақстанның жасыл және тұрақты экономиканы дамыту бағытына стратегиялық түрде бейілді екенін айқындайды», дейді Жанара Берікқызы.
Расында, сыртқы және ішкі инвестициялар арасындағы айырмашылық халықаралық сарапшылар арасында жиі талқыланады. Дүниежүзілік банк өкілдері түсіндіргендей, экономиканың өсуі мен әртараптандыру үшін ішкі, сыртқы инвестицияның екеуі де қажет. Иә, шетелдік инвестициялар елге жаңа технологияларды әкеледі. Жабдықтармен бірге тауар мен қызмет өндірудің жаңа әдістері, заманауи басқару тәсілдері мен бизнес-процестері енеді. Ал сыртқы инвестициялар жаңа жұмыс орындарын, тіпті жаңа салалар мен қосалқы бағыттарды қалыптастырады. Бұл – халықтың әл-ауқатын арттырып, әлеуметтік тұрақтылықты күшейтеді.
Сонымен қатар, шетелдік инвестициялар Қазақстанға халықаралық нарыққа шығу мүмкіндік береді. Мысалы, жаһандық дистрибуция желісі мен серіктестік келісімдері бар шетелдік инвестормен әріптестік орнату еліміз үшін сыртқы нарықтарға кеңірек жол ашады. Ал тікелей шетелдік инвестициялар өндірістік базаны нығайтуға, экспорттың бәсекеге қабілеттін арттыруға және халықаралық қаржыландыруға қол жеткізуге септігін тигізеді. Жалпы, жаһандық экономикалық тұрақсыздық жағдайында халықаралық инвесторлардың сенімі – ұлттық экономика тұрақтылығының басты факторларының бірі саналады. Қазақстан үшін әлемдік қаржы нарықтарында өз позициясын нығайтып, қарыз алу құнын төмен деңгейде сақтау үшін макроэкономикалық саясат пен институционалдық реформалардың сабақтастығы шешуші маңызға ие болады екен. Мұны сарапшы Жанара Берікқызы былай түсіндіріп берді:
–Біріншіден, макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау — инвесторлар сенімінің негізі. Себебі, инфляцияны қалыпты деңгейде ұстап тұру, бюджет тәртібін сақтау және мемлекеттік қарыздың шамадан тыс өсуіне жол бермеу сынды шешімдер елдің кредиттік рейтингін жақсартады. Ұлттық Банктің ақша-несие саясатының тәуелсіздігі мен болжамдылығы ішкі және сыртқы нарық қатысушыларының сенімін нығайтады. Екіншіден, Қазақстан экономикалық саясаттың ашықтығы мен болжамдылығын арттыруды жалғастыруы қажет. Мемлекеттік қаржы жағдайы, қарыз жүктемесі және макроэкономикалық басымдықтар туралы ақпаратты жүйелі түрде жариялап отыру маңызды. Сол секілді халықаралық рейтингтік агенттіктермен тиімді өзара іс-қимыл, инвесторлармен тұрақты диалог, форумдар — елдің инвестициялық беделін күшейтеді. Үшіншіден, өндірістік және экспорттық құрылымды әртараптандыру экономикалық саясаттың стратегиялық бағыты болып қала береді. Шикізатқа тәуелділікті азайту, өнеркәсіптік өңдеуді, логистикалық инфрақұрылымды, IT-индустрияны және жаңартылатын энергия көздерін дамыту — Қазақстанның сыртқы күйзелістерге төзімділігін арттырып, ұзақмерзімді теңгерімді өсімді қамтамасыз етеді,– дейді сарапшы.
Жанара Берікқызы елде іске асып жатқан ауқымды өзгерістерге қарамастан бірнеше маңызды тәуекелдердің сақталып отырғанын жасырмады. Олардың қатарында әлемдік шикізат нарықтарындағы жоғары құбылмалылық, жаһандық қаржы шарттарының қатаюы, құрылымдық реформалардың баяулауы және өңірдегі геосаяси тұрақсыздық бар көрінеді. Ол аздай институционалдық тәуелсіздіктің әлсіреуі мен экономикалық саясаттағы бірізділіктің бұзылуы инвестицияға теріс әсер етуі мүмкін деседі.
Осындай кедергілерге қарамастан инвесторлардың сеніміне селкеу түсірмеу – қысқа мерзімді ғана іс-шара емес. Экономика дамудың стратегиялық бағыты болып отыр. Иә, Қазақстан сыртқы сын-қатерлерге бейімделе алатынын бұрыннан дәлелдеді. Бұл туралы сарапшы Жанара Берікқызы да жан-жақты, дәйекті пікір айтты. Қорыта айтқанда, еліміз модернизация мен институционалдық нығаю бағытын табанды жалғастырса, алдағы жылдарда жаһандық қаржы нарықтарындағы позициямыз берік болады.

 
		
