Қазіргі заманғы құқықтық жүйе жаңа тәсілдерді талап етуде. Дауларды тек сот арқылы шешу – уақыт пен қаражатты көп қажет ететін, кәсіпкерлер үшін тиімсіз механизмге айналып отыр. Осы тұста медиация – яғни бейбіт, келіссөз арқылы дауларды реттеу тетігі – өзекті әрі тиімді шешім ретінде алдыңғы қатарға шығып келеді.
«Қазақстан темір жолы», BІ Group және басқа да ірі ұлттық және жекеменшік компаниялар соңғы жылдары соттан тыс дауларды шешу жолын жиі пайдаланып келеді. Бұл олардың құқықтық дауларды шешудегі жауапкершілікті әрі стратегиялық көзқарасқа негізделген таңдауын көрсетеді.
Ірі компаниялар тәжірибесі көрсеткендей, медиация – бұл әлсіздердің емес, ақылды, уақытын бағалайтын, қарым-қатынасты қадірлейтін компаниялардың таңдауы. Бүгінгі таңда бизнес үшін дауды ұтып шығу емес, оны шығынсыз, беделге нұқсан келтірмей шешу маңыздырақ. Осы тұрғыдан алғанда, медиация – ең тиімді құқықтық құралдардың бірі болып табылады. Бүгінгі таңда дау-дамай туындаса, көпшілік ең алдымен сотқа жүгінуді ойлайды. Бірақ шын мәнінде, әрбір сот процесі – тек заңмен ғана емес, адамның жүйкесіне, қарым-қатынасына, беделіне де әсер ететін күрделі үдеріс.
Осы жағдайлар жаңа құқықтық мәдениет қалыптастыруды, яғни татуласу орталықтарын дамыту мен дауларды сотқа дейін шешудің өркениетті үлгісін қажет етеді.
Сондықтан, Шымкент қаласында «Құқық қорғау және татуласу оратылығы» ашылып, бір айдың көлемінде 122 дауды медиациямен реттеді.
Бүгін бізге керек шешім – құқықты қорғау ғана емес, қоғамдағы татулықты сақтау. Сондықтан:
— Татуласу орталықтарын ашу
— Медиация мәдениетін қалыптастыру
— Халыққа құқықтық келісімге келудің жолын үйрету – бұл уақыт талабы.
Татуласу – әлсіздік емес, парасат.
Кешірім – жеңіліс емес, биіктік.
Ал татуласуға жағдай жасау – болашаққа қосқан үлес.
Дана КЕНЖЕҚҰЛОВА, Шымкент қаласы Этномедиация кеңесінің төрайымы,