Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ИСЕСКО) бас директоры Салим бин Мұхаммед Әл-Малик бастаған делегация Түркістан облысына ресми сапармен келді.
Сапар Арыстан баб кесенесіне зиярат етуден басталды. Мәртебелі меймандарды арнайы күтіп алған облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өңірдегі тарихи нысандармен таныстырды.
Қонақтар әрі қарай ежелгі Отырар қалашығына барып, отырарлық өркениеттің бай мұрасымен, археологиялық жәдігерлермен және қалашықтың тарихымен танысты. Сапар барысында тарихи нысандарды Ислам әлемінің мәдени мұралар тізіміне енгізу мәселесі де қарастырылды.
Сонымен қатар, іссапар Түркістан қаласында жалғасып, делегация мүшелері сәулетімен талайды тамсандырған Қожа Ахмет Ясауи кесенесін аралады. Одан кейін «Керуен сарай» туристік кешеніне барды.
Айта кетейік, делегация сапары ертең де жалғасып, Түркістандағы бірқатар мәдени нысандарды аралау жоспарлануда.