Илья Ильин досы Алмас Өтешовтің ауыр тағдыры жайында ашық айтып, оның ем қабылдап жатқанын жеткізді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ауыр атлетикадан әлем чемпионы Илья Ильин белгілі спортшы Алмас Өтешовтің соңғы кездері ішімдікке салынып, ауыр күй кешкенін растады. Оның айтуынша, Алмас ұзақ жылдар бойы ішімдікке тәуелді болып, сол әдеттің кесірінен өмірі күрт өзгерген.
«Алмас досым әрі ізбасарым. 14 жыл бір залда жаттықтық, бір жоспармен жұмыс істедік. Ол менің жүйеммен дайындалып, әлем чемпионатының күмісін жеңіп алды. Бірақ өмірінде қиын кезең басталды.
Соңғы он жылда ішімдіктің құрсауына түсіп, көп қиындық көрді. Қоғамға ішіндегі өкпесін, жанайқайын жеткізгісі келді, ашық әңгіме айтты. Қазір Астанада емделіп жатыр. Федерация болып қол ұшын бердік.
Өзіне де: «Бұл халықтың саған берген мүмкіндігі, осы көмекті қабылдамасаң, екінші рет қайталанбайды», – дедім. Алмас екі аптадай хабарсыз кеткен, кейін оны тағы тауып, емдеу орталығына орналастырдық», – дейді Ильин экономист Рахым Ошақбаевқа берген сұхбатында.
Өтешов қазір қайда?
Қазір Алмас Өтешов арнайы клиникада ем қабылдауда. Ильяның сөзінше, досына бұған дейін де бірнеше мәрте қолдау көрсетіліп, ақша да, жұмыс та берілген. Бірақ Өтешов бір айдан артық шыдай алмай, қайтадан бұрынғы әдетіне орала берген.
«Дегенмен, мен досымды тастамаймын. Оны аяғынан тұрғызуға бар күшімізді саламыз. Ешкімді кінәлаудың қажеті жоқ, мені де, өздеріңізді де. Алмас бұрынғыдай қоғамға пайдасын тигізе алатындай жағдайға келеді деп сенемін. Жақын арада екеуіміз бірге түсірген видеомызды жариялаймын», – деді Илья Ильин.
Еске салсақ, жуырда Алмас Өтешов көлемді сұхбат беріп, допинг мәселесінің астарындағы былықтарды ашқан болатын.
Оның айтуынша, қазіргі таңда қамауда отырған Талғат Ермегияев басқарған тұста спортшылар допинг қабылдап-ақ жарыстарға оңай қатыса берген. Себебі Ермегияев халықаралық федерациямен алдын ала келісіп отыратын көрінеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

