Шығыс Қазақстан облысында жылжымайтын мүлік нарығындағы алаяқтықпен айналысқан ұйымдасқан топ ұсталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңірлік полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жүргізген арнайы операция нәтижесінде заңсыз әрекеттерге қатысы бар риелторлар мен нотариус қолға түсті.
Тергеу материалдарына сүйенсек, күдіктілер ішімдікке тәуелді, әлеуметтік тұрғыда осал азаматтардың баспаналарын заңсыз иемденген. Олар жылжымайтын мүлікпен байланысты құжаттарды қолдан жасап, жәбірленушілердің сеніміне кіріп, алдау арқылы бірнеше пәтерді өз аттарына рәсімдеген.
Тінту кезінде жедел уәкілдер қылмысқа дәлел боларлық жылжымайтын мүліктің жалған құжаттарын, жеке тұлғалардың жеке деректерін, сондай-ақ алаяқтық әрекеттерде пайдаланылған басқа да заттай айғақтарды тәркіледі.
Алдын ала есеп бойынша, жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 60 миллион теңгеден асады. Қазіргі таңда полиция осы іске қатысты төрт күдіктіні ұстап, олардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр. Тергеу жұмыстары аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша жалғасуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

