Иранның ең жұмбақ қолбасшысы Исмаил Қаанидің есімі тағы да әлем назарында. Ислам революциясы сақшылары корпусының (IRGC) «Құдс» күштерінің жетекшісі соңғы екі жылда талай рет өлім аузынан аман қалғанымен ғана емес, қазір «Израильдің тыңшысы» деген күдікпен ұсталғаны, тіпті өлім жазасына кесілгені туралы сыбыс таралуымен де ерекшеленіп тұр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әлемжеліде тараған расталмаған ақпаратқа сенсек, Қаани IRGC тарапынан тұтқынға алынып, тіпті дарға асылған. «Қаани Моссадтың адамы болуы мүмкін» деген болжамды бірқатар аккаунттар қызу талқылауда.
67 жастағы Исмаил Қаани 2020 жылдың қаңтарында Бағдатта америкалықтар өлтірген генерал Қасем Сүлейманидің орнын басқан еді. Содан бері Қаанидің айналасында адам өлімі жиіледі.
Соңғы екі жылда Ливан «Хезболласының» көсемі Хасан Насралла, ХАМАС-тың саяси жетекшісі Исмаил Хания, сондай-ақ көптеген ирандық жоғары лауазымды тұлғалар Израиль мен АҚШ-тың арнайы операциясы нәтижесінде ажал құшты. Сенбі күні жоғарғы рухани көшбасшы Аятолла Хаменеидің өзі де құрбан болды.
Ал осы операцияларды басқаратын Қаанидің әр жолы аман қалуы күдікті күшейтті. Кейбір деректерде оның қаза тапқандармен бірге бір жерде болғаны, алайда, соңғы сәтте ғана ғайып болып, ажалдан аман шыққаны айтылады.

2025 жылғы Иран-Израиль қақтығысында да Қаанидің қаза болғаны хабарланып, бірақ көп ұзамай Тегерандағы шаралардың бірінде бейсбол қалпағын киіп, азаматтық киіммен жүрген жерінен көрінді. Осыған ұқсас жағдай 2024 жылдың қазанында да қайталанып, ол өлді деген ақпараттардан кейін көк жәшіктен қайта шықты.
Теғран неден күдіктенді?
Аймақтағы ақпарат көздерінің мәліметінше, Израиль «Хезболла» басшылығын жаппай жойғаннан кейін, Иран арнайы тергеу бастады. Сол кезде Қаани мен оның командасы қатаң бақылауға алынып, оқшауланғаны айтылған болатын.
Израиль барлау қызметі Таяу Шығыстағы Иранмен байланысты тұлғалардың арнайы «қара тізімін» жасап, «жою операциясын» жүргізген. Өткен аптада Израиль осы «қара тізімнің» толық орындалғанын жариялады. Бірақ, таң қаларлығы Қаанидің есімі аталған тізімде болмаған.
Осы жұмбақтың астарында не жатыр? Қаани шынымен Израильдің барлау қызметіне жұмыс істеген бе, әлде жай ғана аман қалудың шебері ме? Иран басшылығындағы қазіргі хаос оның тағдырын одан сайын күңгірттендіріп тұр. Теғрандағы билік транзитінің осы жұмбақты ашуға қаншалықты ықпал ететіні әзірге белгісіз. Бір анығы Қаани туралы сұрақ жауаптан гөрі көп болып тұр.
Материал: Thenationalnews басылымының дерегі негізінде әзірленді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







