Еуропадағы әскери авиация нарығында күтпеген бетбұрыс байқалып отыр. Испания АҚШ-тың бесінші буын F-35 жойғыштарын сатып алудан түбегейлі бас тартып, Түркияның KAAN атты жаңа ұшақтарына назар аударуда, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл шешім Еуропа елдерінің қорғаныс саясатындағы бағыттың өзгеріп келе жатқанын көрсетеді. Бұған дейін Испания 2017 жылдан бері F-35 сатып алу мүмкіндігін қарастырған еді.
Алайда соңғы жылдары елдің әскери бюджеті Future Combat Air System (FCAS) атты көпұлтты жобаның аясында шектеліп, қымбат америкалық техникадан бас тартуға мәжбүр болды.
FCAS жобасы бүгінде дағдарысқа ұшырап, қатысушы елдер арасындағы келіспеушіліктер оны әлсіретті. Сол себепті Испания өз әуе күштерін күшейтудің жаңа жолдарын іздей бастады.
Ел үкіметі Түркияның KAAN ұшағын өтпелі кезеңге арналған шешім ретінде қарастырып отыр.
KAAN жойғыш әскери ұшағы 2030 жылдары толық іске қосылатын заманауи ұшақ.
Ол өздігінен ұшуды, жасанды интеллект көмегімен бағыттауды және радардан жасыруды меңгерген жаңа буын технологиясымен жасалуда.
Испанияның мұндай шешімі екі ел арасындағы авиациялық ынтымақтастықтың тереңдеп келе жатқанын көрсетеді.
Бұған дейін де Мадрид Анкарадан Hürjet атты оқу-жаттығу ұшақтарын 1 млрд еуроға сатып алу туралы келісім жасаған болатын.
Егер KAAN жобасы да іске асса, Испания Түркияның әскери-өнеркәсіптік серіктесіне айналады.
Сарапшылар мұны Еуропаның әскери технология саласындағы жаңа геосаяси теңгерім ретінде бағалайды.
Түркия үшін бұл келісім – отандық әскери өндірістің беделін арттырып, АҚШ санкциясына қарамастан KAAN жобасын қаржыландырудың тиімді жолы.
Ал Испания үшін – ұлттық қорғаныс жүйесін күшейтіп, өз технологиялық бағытын әртараптандыру мүмкіндігі. Екі елдің ынтымақтастығы Еуропаның қорғаныс саласындағы жаңа дәуірдің басталғанын аңғартады.