8-9 қараша күндері Италиядағы әйгілі Marco Simoncelli автодромында өткен финалдық бәсекеде қазақ команда тарихи жетістікке қол жеткізді. ArtLine Kazakhstan командасы үшін Lamborghini Super Trofeo жарысының 2025 маусымы тек жеңіс ғана емес, тұтас бір дәуірдің қорытындысы болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бірінші жарыста жеңіске жеткен ArtLine Kazakhstan финалдың кіл мықтыларына қарсы сенімді шабуыл жасап, алтын кубок жолындағы басты фаворитке айналды.
Екінші жарыста жарыстың алғашқы кезеңін бастаған Егор Оруджев таза әрі дәл жүргізумен көзге түсіп, командаға жүлделі үштіктен түспеуге жол ашты.

Ал шешуші сәтте трассаға шыққан Шота Абхазава өз шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеп, команда көлігін екінші орынға дейін алып шықты. Осылайша қос финал нәтижесі бойынша ArtLine Kazakhstan Lamborghini Super Trofeo-ның PRO AM санатындағы әлем чемпионы атанды.
Бұл жеңіс тек биылғы маусым үшін ғана емес, жалпы қазақстандық автоспорт тарихындағы ең ірі жетістіктердің бірі саналады. Себебі ArtLine бұған дейін AM, PRO және Lamborghini Cup санаттарында да әлем чемпионы атанған болатын.
Команда жетекшісі әрі пилот Шота Абхазава жарыстан кейінгі сұхбатында армандар орындалатынын және бұл жолғы жеңістің маңызы ерекше екенін атап өтті. Қиындық пен табандылықты қатар алып жүрген команда мүшелері, механиктер мен менеджерлер – бәрі де бұл триумфқа лайық.

