Әлемдік технологиялық алып NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры Дженсен Хуанг алғаш рет Қазақстанға келіп, Астанадағы alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Танымал кәсіпкердің бұл сапары елордада өтіп жатқан AI Month айлығының басты оқиғасына айналды. Орталық өкілдері мәртебелі қонаққа Қазақстанды жаһандық Physical AI хабына айналдыру стратегиясын таныстырды. Бұл бағдарлама институционалдық орта, инфрақұрылым және адами капиталды дамыту сынды үш негізгі бағытқа сүйенеді.
Сингулярлық музейі мен алғашқы бейнекартаға қойылған қолтаңба
Сапар барысында Дженсен Хуанг жасанды интеллект тарихы мен даму эволюциясына арналған Сингулярлық музейінің экспозициясын тамашалады. Мұнда нейрожүйелердің алғашқы концепцияларынан бастап қазіргі генеративті модельдерге дейінгі кезең қамтылған.
Экскурсия барысында NVIDIA жетекшісі компанияның алғашқы жетістіктерінің бірі саналатын 1998 жылғы NVIDIA RIVA TNT бейнекартасына өз қолтаңбасын қалдырды. Автографы бар жәдігер енді музей қорының тұрақты бөлшегіне айналады. Сонымен қатар қонақ әлемде тұңғыш рет тек жасанды интеллект көмегімен жасалған контентті көрсететін AI Cinema кинотеатрында болды.
Кездесу барысында Дженсен Хуанг қазақстандық мамандардың әлеуетіне жоғары баға берді.
«Кез келген елдің ең құнды байлығы — оның мәдениеті мен азаматтарының интеллектуалдық әлеуеті. Қазақстандық әзірлеушілер, кәсіпкерлер мен студенттердің қазір өзіндік, отандық жасанды интеллектіні жасауға сирек кездесетін зор мүмкіндігі бар. Мұндай амбиция мен қуатты ғылыми әрі инженерлік базаның арқасында ел жаңа стартаптарды еркін бастап, тұтас салаларды өзгерте алады», – деді Дженсен Хуанг.
Мемлекеттік қызметтер мен alem.gpt көмекшісі
Мәртебелі қонаққа дербес қызмет көрсету кеңістігі — Self-Service Center жұмысы көрсетілді. Мұнда азаматтар мемлекеттік және бизнес қызметтерді табиғи тіл арқылы жұмыс істейтін alem.gpt көмекшісі арқылы ала алады. Жүйенің технологиялық өзегі ретінде NVIDIA H200 графикалық процессорларына негізделген Alem.Cloud кластерлерінде жұмыс істейтін отандық ЖИ модельдері қолданылады.
Презентация аясында eGov Mobile қосымшасының, eGov QR жүйесінің мүмкіндіктері және цифрлық ипотека рәсімдеу барысындағы мемлекеттік органдар мен банктер арасындағы цифрлық интеграция тетіктері көрсетілді.
Physical AI және Екібастұздағы ірі деректер орталығы
Қазақстан цифрлық алгоритмдерді нақты өнеркәсіппен, робототехникамен және инфрақұрылыммен байланыстыратын Physical AI бағытына ерекше назар аударып отыр. Таныстырылым аясында Екібастұзда салынып жатқан, жалпы қуаты 1 ГВт-қа дейін жететін Data Center Valley дата-орталықтар кластері көрсетілді. Жобаның 215 МВт құрайтын алғашқы кезеңінің қуаты инвесторлар тарапынан қазірдің өзінде толықтай брондалған.
Сонымен бірге сапар кезінде жаһандық нарыққа бағытталған отандық инновациялық жобалар — құны 5,4 миллиард долларға бағаланған алғашқы отандық «юникорн» Higgsfield, дербес ұшу аппаратарын әзірлейтін ARC Aero, цифрлық егіздер жасайтын QazTWIN және Freedom компаниясының City-Scale Physical AI платформасы таныстырылды. Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев хаб базасында құрылған геймификацияланған цифрлық Startup City жобасы туралы баяндады.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақстанның жаңа технологиялық жарыстағы негізгі мақсаттарына тоқталды.
«Қазақстан жасанды интеллект индустриясының болашағын айқындайтын елдер қатарынан нық орын алуды көздейді. Энергетикалық ресурстар, дамыған өндіріс және дарынды инженерлер шоғыры бізге үлкен басымдық береді. NVIDIA сияқты көшбасшылармен әріптестік елімізді интеллектуалды жүйелер сынақтан өтетін және өндіріске енгізілетін ғаламдық Physical AI орталығына айналдыруға жол ашады», – деп атап өтті Жаслан Мәдиев.
Бағдарлама соңында Дженсен Хуанг Tomorrow School және TUMO Astana оқушыларымен, сондай-ақ Гиннестің рекордтар кітабына енген HackAlem AI хакатонының жеңімпаздарымен кездесіп, министр Жаслан Мәдиевпен ашық форматтағы Fireside chat сұхбатын өткізді. Қазақы дәстүрге сай, әлемге танымал былғары күртесін киіп жүретін кәсіпкердің иығына салтанатты түрде қазақы зерлі шапан жабылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







