Қытайдың танымал автомобиль бренді JETOUR Auto Астана төрінен ТМД-дағы алғашқы флагмандық салонын ашты. Бұл компанияның Орталық Азия нарығындағы стратегиясының маңызды қадамы деп хабарлайды Ertenmedia.
Астананың дәл орталығында орналасқан 2000 шаршы метрлік кең әрі заманауи шоурум Хан Шатыр мен «Астана Опера» театры секілді белгілі нысандарға жақын маңда тұр.
Компания өкілдерінің айтуынша, автосалон тұтынушыларға жоғары деңгейдегі сервис пен қолайлы қызмет ұсынуға бағытталған.
Жаңа флагмандық орталықта JETOUR көліктерінің барлық модельін тамашалауға, сынақтан өткізуге және арнайы кеңес алуға болады. Сонымен қатар автокөлік иелеріне сатудан кейінгі сапалы қызмет көрсететін арнайы алаңдар да қарастырылған.
Қазақстан нарығына енгеніне небәрі екі жыл болса да, JETOUR брендінің танымалдығы күн санап артып келеді. Қазірдің өзінде елімізде 30-дан астам дилерлік орталық ашқан қытайлық компания 2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстандағы қытайлық кроссоверлер мен жол талғамайтын көліктер сегментінде бірінші орынға шықты.
Оның үстіне, бренд Қазақстандағы өндірісті де қарқынды дамытып жатыр. Қазіргі уақытта JETOUR елдегі зауытында жеті модельді құрастырып үлгерген. Бұл өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, жергілікті нарықтың сұранысына жылдам бейімделуге мүмкіндік береді.
Компанияның халықаралық президенті Кэ Чуандэн Қазақстанды Орталық Азия мен ТМД нарығына шығу үшін негізгі хаб ретінде қарастыратынын айтты. Оның пікірінше, жаңа ашылған автосалон бұл нарықтағы ұзақ мерзімді стратегияның бір көрінісі.
«Қазақстан JETOUR бренді үшін стратегиялық маңызды ел. Біз жергілікті тұтынушылардың қажеттіліктерін ескеріп, жоғары сапалы өнімдерімізді ұсынуды жалғастыра береміз», – деді ол.
JETOUR жыл соңына дейін Алматыда да дәл осындай флагмандық автосалонын ашуды жоспарлап отыр. Бұған қоса, компания алдағы уақытта премиум санаттағы жаңа модельдер мен электрлі көліктерді таныстырып, қазақстандық тұтынушыларға жаһандық сапаны жергілікті сервиспен ұштастырып ұсынуды көздейді.