Елордада жүзеге асып жатқан JOLTAP жобасы көптеген тұрғындардың кәсібін дамытуға және табысын арттыруға нақты мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе, жаңа мамандық меңгеремін, өз ісін бастаймын дегендер үшін бұл бағдарлама үлкен мектепке айналғандай, – деп жазады Ertenmedia.kz Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап
Мұның жарқын мысалы Астананың жас маманы, логопед-мұғалім Айдана Шалағай. Ол көпшілік сияқты тек өз саласында жұмыс істеп қана қоймай, жаңа мүмкіндіктерді байқап көруге тәуекел еткен. Алғашқы қадамы сәтті болып, JOLTAP жобасының арқасында кәсіби тәжірибесін заманауи онлайн-бизнеске ұштастырып отыр.
Айдана әуелде Instagram-нан осы жобаны көріп, бірден қызыққанын айтады. Өмірінде жаңа білім алып, басқа салада өзін сынап көру – оған бұрыннан арман болған. JOLTAP арқылы ол Kaspi платформасындағы бизнес негіздері курсын оқып, контент-криэйтинг бойынша білім алды.
Теориямен шектелмей, үйренгенін бірден іс жүзінде қолдана бастаған. Нәтижесінде әйелдер киімін онлайн сатуды қолға алып, Instagram мен YouTube-та жеке парақшаларын дамытты. Бұл – қазіргі жастардың білім мен технологияны тиімді ұштастыра алатынының айқын көрінісі.
Айдана қазір логопедтік жұмысын жалғастыра жүріп, онлайн-бизнес пен блогингті қатар алып жүр. Бұл тәжірибе оған тек қосымша табыс емес, өзін-өзі дамытуға зор мүмкіндік берген.
Оның айтуынша, JOLTAP жобасының ең тиімді тұсы материалдың түсінікті әрі өмірде қолдануға ыңғайлы болуы. «Мұндай курстар мотивация береді, алға ұмтылуға жігерлендіреді», – дейді ол. Бұл сөздер көпшілікке ой саларлық. Шын мәнінде, адамға дайын табыс емес, дұрыс бағыт-бағдар мен батыл қадам қажет.
Осы бір қарапайым мысалдың өзі JOLTAP секілді жобалардың қоғамға қаншалықты пайдалы екенін айқын көрсетеді. Елорда тұрғындары арасында осылайша жаңа мамандық меңгергендер, шағын бизнесті жолға қойғандар аз емес. Әлеуметтік бағдарламалардың шынайы тиімділігі де осындай нақты оқиғалар арқылы өлшенеді. Айдананың табысқа жеткен жолы көп жасты жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға ынталандырары анық. Өйткені бүгінгі күн – тек білімді ғана емес, өзгеріске дайын, бейімделгіш адамды талап етеді.