Астанада соңғы жылдары еңбекке ынталы тұрғындарға қолдау көрсететін бастамалар жиі қолға алынып жатыр. Солардың бірі JOLTAP жобасы. Бұл жоба қысқа уақыттың ішінде кәсіпке бейімдей алатын тегін курстарымен елордалықтардың ризашылығына ие болған жоба, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әсіресе көпбалалы аналар үшін жаңа мүмкіндік, жаңа тыныс ашатын бағдарламаға айналды. Күнделікті тіршіліктің күйбеңімен жүріп, бала тәрбиесіне өмірін арнаған аналар үшін мұндай бастама үлкен демеу. Солардың бірі Ләззат Оралбаева. Көп жылдан бері басты міндетін ана ретінде атқарып келген Ләззат енді өзі үшін, болашағы үшін қадам жасауға бел буған.
Балалары өсіп, әрқайсысы өз жолын тапқан шағында ол да қала өміріндегі тұрақты табыспен байланысты бір мамандықты игергісі келген. Әуелі қандай жұмысқа жарайтынын, қандай істің көңіліне қонымды боларын ойланыпты.
Дәл осы кезде JOLTAP жобасы жайлы естіп, бірден тіркеліп, «Сатушы-кассир» курсына қабылданады. Алғашқы күннен-ақ оқудың өзіне сенім бергенін Ләззат жасырмайды. Жоба тек құр теория емес, нақты өмірдегі жұмыс процесін егжей-тегжейлі көрсетуімен ерекшеленген.
Оның сөзінше, оқу барысында әрбір деталь өз орнымен түсіндірілген. Ол бірінші күндері тренерге жиі сұрақ қойыпты. Бірде kurs орталығында касса алдында тұрып, жаңа жүйені сынап көргенде, қолы дірілдеп кеткенін өзі күле отырып айтады. Сол сәтте тренер оған жақындап:
– Ештеңе етпейді, қазір бәрін меңгеріп кетесіз, бұл жұмыстың өз ритмі бар, – деп арқасынан қағыпты.
Ләззат бұл жағдайды айта отырып жымиып:
– Осындай жылы сөздер қанат бітірді, – дейді.
Курс барысында олар нақты кассаны қолданып, төлем қабылдау, қайтарым жасау, жүйе қателіктерін шешу сияқты күнделікті жұмысқа қажет барлық дағдыны меңгерді.
– Теория да, практика да қатар жүрді. Бір нәрсені білмей қалсақ, бірден сұрап, жауабын алдық. Жұмысқа алғаш тұрған адамға бұлай түсіндіріп жатпайды ғой. Курста бәрін алдын ала біліп алғанымыз жақсы болды, – дейді Ләззат.
Курсты аяқтағаннан кейін жоба мамандары Ләззатқа жұмыс іздеуге көмектесіп, оны сауда желілерінің біріне орналастырды. Қазір ол 2/2 кестесімен жұмыс істеп жүр. Мұндай икемді уақыт тәртібі оған отбасымен де, жұмыспен де үйлесімді болуға мүмкіндік береді. Ең бастысы тұрақты табыс пайда болды. Өз еңбегінің арқасында ақша тауып жүргенін айтуға да ерекше қуанады.
– Бұрын тек отбасы туралы ойласам, қазір өзіме деген сенімім артып келеді. Бір нәрсеге қабілетті екенімді түсіндім, – дейді ол.
JOLTAP жобасы осы сияқты ондаған, жүздеген адамның өміріне өзгеріс әкеліп жатыр. Жоба 18-50 жас аралығындағы тұрғындарға арналған және толығымен тегін. Курсты аяқтаған соң сертификат беруімен қатар, түлектердің резюмелері JUMYSTAP.KZ платформасына тегін жарияланады. Бұл жұмыс берушілерге көзге түсуге үлкен мүмкіндік.
Қарапайым оқудан басталған үлкен өзгеріс. Ләззат сияқты адамдар үшін JOLTAP тек мамандық емес, өзіне деген жаңа сенімнің бастауы болып отыр. Елордада осындай жобалар көбейсе, қаншама адамның өмірі оң бағытқа қарай өзгерер еді.

